Әсет Исекешев астаналықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Әсет Исекешев астаналықтар мен қала қонақтарын Наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды astana.kz.

«Құрметті астаналықтар және қала қонақтары!

Сіздерді Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Наурыз - жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Бұл - өткенге салауат айтып, келер күннен береке тілейтін, ақ көңіл, адал жүрек, дос құшақтарды айқастыратын қадірлі күн. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам - береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, шаттық пен қуанышқа кенелте берсін.

Әз Наурыздың өн бойында сан ғасырлық бабалар жолы мен ұлттық салт-дәстүріміздің өрнегі сайрап жатыр. Ұлыстың Ұлы мерекесі кең байтақ жерімізге, егемен елімізге бақыт пен шаттық, ырыс пен береке сыйласын!

Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға ынтымақ, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін!», делінген құттықтауда.