Әсет Исекешев бірқатар инфрақұрылым нысандарының құрылысымен танысты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Әсет Исекешев бірнеше инфрақұрылым нысандарының құрылысымен танысты. Бұл туралы қала әкімдігінің сайты хабарлады.

Елорда әкімі «Бәйтерек» қосалқы электр стансасының құрылысымен танысты, оны 2017 жылы қаңтарда іске қосу көзделген. Шағын станса Жаңа вокзалды, №15, 16 сорғы стансаларын және әлемдік деңгейдегі «Кәсіпқор» колледжін электр энергиясымен жабдықтайтын болады.

Әсет Исекешев ғимаратының құрылысы аяқталған №15 сорғы стансасын да аралап көрді. Мұнда сорғыларды, құбырларды, инженерлік желілерді (су құбырын, кәріз, нөсер кәрізін) монтаждау жұмыстары жүргізілді. Электр және БӨҚжА, технологиялық процесті басқарудың автоматтандырылған жүйесін монтаждау, ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда.

Сорғы стансасын 2016 жылдың 15 қазанында іске қосу жоспарланған. Сондай-ақ, Астана әкімі ЖЭО-2 жаңғырту және қалпына келтіру барысымен танысты.

Сапар соңында Әсет Исекешев №9 қалалық емханаға ат басын тіреді. Емхананың жалпы ауданы 9935,1 шаршы метр, мекеме заманауи емдеу-диагностикалау жабдықтарымен жабдықталған білікті мамандар қызмет ететін 11 бөлімнен тұрады. 2016 жылдан бастап емханада Қазақстан Республикасында денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жж. арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында аурудың алдын алу мен басқаруға интеграциялық тұрғыдан қарау негізінде қоғам денсаулығын қорғау бойынша жаңа саясат қолға алынып, эндоскопиялық полипэктомия мен гистероскопиялық операциялар практикаға енгізілді.