Әсет Исекешев елордадағы жабық бульвардың қандай пайда әкелетіндігін айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімі Әсет Исекешев Қазақстанның елордасында «Нұрлы жол» жабық бульварының салынуы қандай пайда әкелетінін айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

«Бұл жоба тек қана жеке инвестициялардың есебінен жүзеге асырылады. Әзірше жоба үстінде жұмыстар, есептеулер жүріп жатыр. Оған шетелдік инвесторлар қатысады. Жұмыс аяқталмайынша егжей-тегжейлі айта алмаймыз. Біз үшін жобаның мәні сәулеткерлік әсемдікпен ғана шектелмейді, ол жаңа жұмыс орындарын ашуға, сауданың жеке бизнесін жүргізуге мүмкіндік береді», - деді ол журналистерге жалпыұлттық телекөпір басталардың алдында.

Бұрын Астана әкімдігі «Нұрлы жол» жабық бульварының құрылысына инвесторлар іздеуді бастайтыны хабарланған болатын. Ол үшін инвестицияларды тарту бойынша бүкіләлемдік науқан өткізу жоспарланған. Жабық бульвардың жобасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа БАӘ инвесторларымен кездесу кезінде ұсынылды. Идея авторларының ойынша, бүкіл бульвардың үстіне шатыр жабылып, қолайлы микроклимат қалыптастыруы тиіс.