Әсет Исекешев Еуразия ұлттық университетінде іске қосылған дата-орталықтың жұмысымен танысты

АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін елордадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Үкімет басшысының орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің қатысуымен аталған оқу орнының серверлік орталығы (дата-орталық) таныстырылды.

Университет мамандарының сөзіне қарағанда, осы орталыққа тиесілі жабдықтарды орнықтыру жұмыстары өткен жылдары басталған. Атап айтқанда, бұл тың жобаның мүмкіндіктері арқылы оқу орнының ғалымдары мен студенттеріне серверлік орталықта жинақталған оқулықтарды, дәрістерді, кітапхана мәліметтерін электронды түрде алуға қолжетімді болады, сондай-ақ интернет желісін де пайдалану әрбір студентке жеңілдей түсті. Бұл орталық университеттің барлық құрылымдарына қосылған. Яғни, енді студенттер жатақханада әрбір бөлмеге тартылған желі арқылы интернетке және дата-орталықтың мәліметтер базасына кіруге мүмкіндік алып отыр. Сонымен қатар кез келген адам оқу орнының сайты арқылы танымал ғалымдардың дәрісін бейне режімде көре алады.

Айта кетейік, бұл серверлік орталық - «Қазақтелеком» АҚ мен телекоммуникациялар саласындағы «Huawei Technologies Co.Ltd» қытайлық компаниясының, Еуразия ұлттық университетінің және «Microsoft» компаниясының бірлескен жобасы.