Бұл туралы аталмыш оқу орнының баспасөз қызметінен хабарлады.
Университет ректоры Ғ. Мұтанов министрді механика-математика факультетіндегі НР оқу орталығының, «Алгоритм» студенттік бизнес-инкубаторының, «әл-Фараби» ғылыми кітапханасының, өндірістік орталықтың, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығының, технопарктың жұмысымен таныстырып шықты. Технопаркте студенттер мен старт-ап компаниялар өз бизнес-жобаларын көрсетті. Студенттермен кездесу барысында Ә.Исекешев ҚазҰУ жанынан «Алатау» ақпараттық технологиялар паркінің үшінші кезегін құру туралы ұсыныс жасады.
«ҚР Президенті Н. Назарбаев Жолдауда жаңа экономикаға көшу мәселесін көтерді. Алматы білім мен ғылым орталығы болып табылады және инновациялық жобалардың 500-ден астамы осында өндіріске еніп жатыр. Бұл жерде инновациялық жобаларды іске асыруда үлкен мүмкіндік бар. Біз Елбасы айтқандай, білімге негізделген экономиканы дамытуды қарастырып, сапаға жұмыс істеуіміз керек»,- деді министр.
Әсет Исекешевтің айтуынша, бүгінде технология трансфері, технологияны коммерциялауға бағытталған, ғылымға негізделген экономика қалыптастырылып, министрлік тарапынан түрлі грант бөлініп отыр. Соның ішінде бизнес ашуға, идеяларды қолданысқа ендіруге және т.б. ғылыми жұмыстармен айналысуға ниеттілерге қолдау көрсетіледі. Ал, болашақта ҚазҰУ жанынан құрылатын кластер, ол орталықтандырылып, барлық ЖОО студенттері мен жас ғалымдарына қолжетімді болуы қажет.