Әсет Исекешев Орталық Азиядағы 15 қаланың басшысын Астанаға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық Азиядағы 15 қаланың басшысымен кездесу жылжымайтын мүлік мәселелері бойынша Орталық Азия форумы кезінде өтеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі форум менеджері Әлия Серікпаеваға сілтеме жасап.

«Биыл қала басшыларымен кездесу өтеді. Әсет Өрентайұлы (Исекешев - Астана әкімі) Орталық Азия қалаларының басшыларына шақырту жіберді. Олардың ішінде Бішкек, Душанбе, Ашхабад пен Ташкент, сондай-ақ Алматы, Шымкент қалалары бар. Шараға 15 қаланың басшысы қатысады. Бірінші күні қала басшыларымен кездесу өтеді. Бұл кездесуде қалалардың даму мәселесі қозғалады», - деді Әлия Серікпаева форум ұйымдастырушылармен кездесуі барысында.

Айта кетейік, CRE Central Asia 2017 жылжымайтын мүлік мәселесі бойынша Орталық Азия форумы 19-20 қазан күндері Тәуелсіздік сарайында өтеді. CRE Central Asia 2017 - Еуропа, Азия, ТМД елдері, Ресей мен Орталық Азияның 15 мемлекеті жылжымайтын мүлік нарығындағы жетекші сарапшылардың бас қосатын орын.

Форум қазіргі және жоспардағы нысандарды ұсынуға, нарықтағы ең өзекті статистикалар алуға және осы саладағы сарапшылардың кейсін тыңдауға мүмкіндік береді.

Тәуелсіздік сарайындағы 2000 текше метр экспозиция аумағында: сауда-ойын сауық орталықтары, көпфункционалды нысандар, тұрғын үй секторы, кешенді құрылыс жобалары, консалтингтік және басқарушы компаниялар, сәулет, дизайн-бюро, сервистік компаниялар, өнеркәсіптік нысандар мен жер учаскелері, тұрғын үй жобаларын сәтті жүзеге асыру үшін технологиялар таныстырылады.