Әсет Мағауов: Мұнай бағасы биыл 65 доллар деңгейінде сақталуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов мұнай бағасының құбылуы жанармай бағасына қалай әсер ететіні туралы пікір білдірді.
— Мұнай нарығы айтарлықтай құбылмалы. Кез келген геосаяси немесе экономикалық фактор мұнай бағасын түсіріп немесе өсіріп жіберуі мүмкін. «ҚазМұнайГазға» қатысты айтсақ, мұнайының 70 пайызы ішкі нарықта сатады. Ол бағалар экспорт бағасынан әлдеқайда төмен. Экспорт бағасы құбылып жатса да, әзірге ішкі нарықтағы баға ең төменгі экспорт бағасының деңгейінде қалып отыр. Сондықтан біз ішке сататын 70 пайыз мұнайдың бағасы қазір сырттағы межелерден тәуелсіз. Оның үстіне бізде дизель мен бензин экспорты шектеулі — бәрі өз ішімізде сатылады, — деді ол.
Айтуынша, «ҚазМұнайГаз» АҚ мұнай нарығындағы тұрақсыздыққа дайын.
— Қалған экспортқа кететін көлем туралы айтсақ, сарапшылар биыл мұнай бағасы бір барреліне 65 доллар деңгейінде сақталатынын айтып отыр. Бірақ нақты болжап айта алмайды. Жалпы алғанда біз «ҚазМұнайГазға» ешқандай қатер көріп отырған жоқпыз. Балама сценарилер әзірленген. Тұтастай алғанда, мұнай бағасының кез келген құбылуына дайынбыз. Күн сайын құбылып тұр. Ал негізі ұзақ мерзімдегі тренд маңызды. Соңғы болжамдар 65 доллар деңгейінде болатынын айтып отыр, — деді Әсет Мағауов.
Еске салсақ, «Қазақмысқа» сирек металдар концентратын заңсыз экспорттап отыр деген айыптар тағылып отыр.