Әсет Матаев мүлкі туралы сотқа ақпарат берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы №2 Есіл аудандық сотында Сейітқазы және Әсет Матаевтардың ісі бойынша сот отырысы одан әрі жалғасуда. Бүгін сот алдында сөз сөйлеген Әсет Матаев өзіне тиесілі мүлкін тыйым салудан босатуды сұрады. Сот залында судья Ақболат Құрмантаев Әсет Матаевтың иелігінде «Митсубиши Паджеро», «Тойота Лэнд Крузер», «Лексус 570» маркалы үш автокөлік, Алматы қаласының элиталық ауданында пәтері барын хабарлады.

«Менің «Митсубиши Паджеро» автокөлігін қашан сатып алғаным есімде жоқ. Бірақ ол комитетпен шарт жасасқанға дейін алынған. Ал екінші автокөлігім 1997 жылы шыққан «Тойота Лэнд Крузер»-ді Семейде тұратын ағама сатып алғанмын. Содан кейінірек өз атыма аудардым. Бұл көлікті өзімнің жинаған ақшама сатып алдым. Кейіннен ол ескі болғандықтан сатып жібердім. Сонымен қатар «Лексус-570»-ті өз қаражатыма алғанмын. Ол соғылған көлік, өзім толық жөндеуден өткіздім»,- деп түсіндірді автокөліктері туралы Әсет Матаев. Ал Алматыдағы пәтерін үлестік қатысу арқылы сатып алғанын хабарлады.

Айта кетелік, кешегі сот отырысында түсінік берген Сейітқазы Матаев мемлекеттен көп ақша ұрламағанын айтып, сотты сендірмек болған еді. «Мен ешқандай ақша ұрлаған жоқпын. Егер көп ақша ұрласам, оған қымбат пәтерлер мен автокөліктер сатып алмаймын ба? «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің қарамағында бірде-бір көлік жоқ. Біз жұмыс істейтін жерге жақын тұратындықтан автобуспен немесе жаяу қатынадық. Тіпті банкке де жаяу баратынбыз»,- деді С. Матаев.

Сотқа дейін жүргізілген тергеудің нұсқасы бойынша, Сейітқазы және Әсет Матаевтар 2011-2015 жылдары мемлекеттік ақпараттық саясатты насихаттауға бюджеттен бөлінген 300 млн-нан астам теңгені ұрлады деп айыпталуда. Сот барысында сотқа түсінік берген куәгерлер «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігі мен «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігі» ЖШС-нің арасында заңсыз шарт жасалғанын айтты. Атап айтарлығы, мемлекеттік сатып алу арқылы бюджеттен бөлінген қаражат бірнеше жыл бойы «ҚазТАГ» агенттігінің сайтында ақылы негізде жарияланып келген.

Сонымен қатар, Сейітқазы Матаевқа «салық төлеуден жалтарды» деген айып тағылып отыр. Ол кәсіпкерлік қызметпен айналысып, 2011-2015 жылдары 1,4 млрд. теңге таза табыс тапқан. Алайда соған қарамастан, 200 млн. теңгеден астам салық төлеуден жалтарған. Соттың кешегі отырысында С. Матаев салық төлеуде қателіктер жібергенін, соның нәтижесінде миллиондаған соманы төлеуден жалтарғанын мойындады. «Барлық есеп-қисап жұмыстарымен менің марқұм досым - Александр Қимасов айналысты. Ол өткен жылы 21 қыркүйекте Мәскеуде ауыр науқастан қайтыс болды. Шынымды айтсам, өзім әлі күнге дейін компьютермен жұмыс істеуді білмеймін. Мен салық төлейтін кезде 130.00 формасын, 100.00, 101.04 формаларын тапсыру керектігінен хабарсыз болдым. Сондықтан салық төлеуде қателіктер жібергенімді мойындаймын. Бұл жерде жасыратын ештеңе де жоқ»,- деп түсіндірді С. Матаев.

Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің салық төлемдері бойынша тексеруінен анықталғандай, Сейітқазы Матаев заңды тұлға ретінде бюджетке 168 730 897 мың теңге корпоративтік табыс салығын төлеуден жалтарған. Сонымен қатар, жеке табыс салығы бойынша 2011-2015 жылдары 65 420 741 теңге, резидент болып табылмайтын тұлғалар үшін 2011- 2014 жылдары 8 578 748 теңге төленбеген.

                                                                                                                                                            Әмірлан Әлімжан.