Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жолдың қолданысқа берілгеніне 10 жыл өткен.
Облыстық маңызы бар тасжолдың ұзындығы – 174 шақырым. Атырау қаласынан Махамбет ауданының аумағымен өтіп, Индербор кентіне дейін барады.
Индербор – Индер ауданының орталығы. Бұл кентке дейін жол бойында 10 елді мекен орналасқан. Олардың 5-еуі Махамбет ауданына қарайды, қалған 5-еуі Индер ауданының әкімшілік бөлінісіне кіреді.
«Біздің шаруа қожалығымыз Махамбет ауданындағы Ақжайық ауылдық округінде тіркелген. Сол ауылдық округтің аумағында егін саламыз. Мал өсіреміз. Бұрын жаз, күз айларында өсірген көкөніс, бақша дақылдарын Атырау қаласына жеткізу үшін Жайық өзенінің келесі жағалауына қайықпен шығарып жүрдік. Содан соң өзен жағасында тұрған көлігімізге тиейміз. Ал, мына жолға күрделі жөндеу жүргізіліп, 2014 жылы пайдалануға берілген соң әлгіндей машақаттан құтылдық. Өйткені, бұл жолмен Атырау қаласына тіке жетуге болады», - дейді «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі Қоныс Ерманов.
Жолға күрделі жөндеуді «Атырауинжстрой» ЖШС жүргізген. Кейін аталған серіктестік Жайық өзенінің үстінен көпір құрылысын жүргізуге мердігер ретінде таңдалды. Бұл көпірдің жүк көтеру қуаты 180 тоннаға есептелген. Оның ұзындығы – 860, ені – 13 метр. Кіретін жолдың жалпы ұзындығы – 8,5 шақырым. Көпірдің Жайық өзенінің оң жағалауындағы тармағы Махамбет ауылының тұсында Атырау – Орал республикалық трассасына қосылады. Ал, сол жағалаудағы бөлігі Ортақшыл ауылының маңында Атырау – Индер облыстық маңыздағы жолға қосылады.
«Атырау-Индер жолы 2014 жылы қолданысқа берілді. Содан бері күрделі жөндеу жүргізілген жоқ», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын бүгін Атырау - Индер тас жолының ойылған бөлігін жөндеу басталғанын жазған едік.