«Атырау қаласында «Қаработан» ЖШС-ның жұмыс асханасында уланған 9 жұмысшының жағдайы тұрақты деп бағаланады, олардың өміріне еш қауіп жоқ. Қазіргі кезде орын алған жағдайдың себептері анықталуда», - деп хабарлады министрліктен.
2 қыркүйекте Атырау қаласының қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына «Жіті ішек инфекциясы» диагнозымен аталған ЖШС-ның 18 жұмысшысы жүгінгені белгілі болды, оның ішінде 10 адам «Ауырлығы орташа дәрежедегі жіті ішек инфекциясы» алдын ала диагнозымен ауруханаға жатқызылды.
Асхананың қызметі тоқтатылды, онда тамақтанған барлық жұмысшылар профилактикалық емдеуден өтті.
«Оқиға себептерін тергеп-тексеру мақсатында өнімдердің сынамалары, сыртқы орта объектілерінен шайындылар зертханалық зерттеуге алынды, сондай-ақ ас блогының қызметкерлері патогенді флораға зерттелді.
Зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша сальмонелла энтеритидис қоздырғышы анықталды. Алдын ала деректер бойынша аурудың жұғу көзі асхананың қызметкері болуы мүмкін. Өйткені ас блогының бір қызметкерінен сальмонелла энтеритидис қоздырғышы табылды.
Ошақта эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасуда», - делінген хабарламада.