Ашар­­шы­лық оқиғасы - қазақ дала­сын­дағы ең қасіретті де сұрапыл ке­зең­дердің бірі - сенатор Ақан Бижанов

None
АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Біздің халқымыздың тарихы бай да қатпарлы. Онда ұлы же­тістіктер мен жеңістер, сондай-ақ қасірет сынақтары мен үрейге толы кезеңдер аз болған жоқ.

Тәуел­сіздікке ие болған бүгінгі күн биі­гінен тарих тереңіне көз жібере оты­рып, экономикалық және әлеу­меттік-саяси дамуы жағынан әлем­дік қауымдастықта лайықты орнын иеленген мемлекет құр­ға­ны­мызға тәубе дейміз. Бүгінгі табыс­тарымыздың ауқымды­лы­ғын шамалап, халқымыздың 30-шы жыл­дардағы жағдайының қан­шалықты ауыр болғанын ба­ғамдай аламыз.

Ашаршылық мәселесі бойынша зерттеушілер тек ашаршылық оқиғаларымен шектелмей, өткен ғасырдың ішінде қазақ халқының басына ауыртпалық әкелген түрлі оқиғаларды қамти отырып, оның себептерін, салдарын талдап, ой қорытуда.

Бүгін біз Қазақстан тарихын­дағы ең ауыр парақтарды ашып отырмыз. Сонау, 1930-жылдарда болған сұрапыл оқиғалардың түп­кі мән-жайын зерттеп, сараптап, талдап, оны ортаға салып, пікірталас болғаны бұл оның 80 жылдығын атап өтумен ғана шектелмейді. Бүгінгі күннің бас­ты мақсаттарының бірі барынша тарихи әділдік орнату және болып кеткен оқиғаларды, тарихымызды ұмытпай, жастарымызға, болашақ ұрпағымызға жеткізу болып табылады. Аталмыш ашар­­шы­лық оқиғасы - қазақ дала­сын­дағы ең қасіретті де сұрапыл ке­зең­дердің бірі. Өйткені, бұл ке­зеңде қаншама жан жазықсыз көз жұм­ды. Олардың ішінде көп­теген жанып тұрған, бола­шағынан зор үміт күттірген жас ұл-қызда­ры­мыз тағдырдың аяусыз шеңгеліне түсті. Ал сол ауыр ке­зеңдегі Қазақ елінің зиялы қауы­мының репрес­сияға ұшыра­уы қалыптасқан жағ­дайды одан әрі тереңдетіп, гума­нитарлық апат­қа әкеліп соқтырды. Осы жылдары қазақ халқының саны күрт азайды, онымен қоса, көбісі көрші мемлекеттерге жер ауып кетті.

Кеңес өкіметінде өткізілген халық санағы мәліметтері бойынша, қазақтардың саны 1926 жылы 3.968.289 адамнан 1937 жылы 2.862.458 адамға дейін азайған. Бұл сол дәуірдегі мемлекеттің рес­ми деректері, ал оның асты-үстінде бізге жетпеген қаншама құпия сұрақтар бар, бүгін оларға жауап беру өте қиын. Қазақстан аумағынан басқа мемлекеттерге шарасыз көші-қон саны, ғалымдар мен мамандардың мәліметтеріне сүйенсек, 1 мил­лион­ға жуық болған. Тек 1970­-жылдары тұрғылықты халық­тың саны қай­та қалпына келтірілді. Алайда, айта кетерлік жәйт - сол жылдары Қазақстанда басшылық еткен Голощекиннің солақай саясатынан басқа да ұлт өкілдері жапа шеккен болатын.

Елбасы Қазақстан халқы Ас­самблеясының ХIХ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Егер ашар­шылық болмағанда, қазір 45-50 миллион болатын едік», деп мә­лімдеді. Осыған орай менің есіме бір оқиға түсіп отыр. Елбасының жанында көмекші болып жүрге­німде, бір күні Президентіміз: «Ақан, белгілі жазушы, теолог, «Құран Кәрімді» қазақ тіліне аударған азамат Халифа Алтай Түркиядан жақында келіпті, жағ­дайы қалай екен, менің кезде­суімді ұйымдастырыңдар», деп тапсырма берді. Халифа Алтаймен сөйлесіп, Президентпен кездесуге шақырдық. Көмекшілері Халифа Алтайды кездесуге ертерек алып келіпті. Халекең үлкен кісі ғой, күтіп отырып қалмасын деп кабинетіме шақырып, шай беріп, әңгімелестік.

Әңгіме арасында елімізден ашаршылық жылдарында шетелге қоныс аудару жайын сөз еттік. Сонда Халекең былай деген болатын: «Ақан, айналайын, біз не көрмедік. Жағдайымыз қиын болып, аштықтан халық қырыл­ған­нан соң біз елден алдымен Қы­тайға шекара асып бардық. Қы­тай мемлекетінде тыныштық болмай, өздері бір-бірімен соқтығы­сып жатқан кезі еді. Біз Қытай мемлекетінде біраз тұрып, жағ­дайымыз қиындап кетуіне байланысты Үндістанға бет бұрдық. Ол мемлекеттің ауа райы, суы, тағамы бізге жақпады. Медици­налық көмек болмағандықтан, бәріміз жаппай ауырып, үлкен азаматтар, бала-шаға қырыла бас­­­тады. Содан кейін біз Пәкс­танға қоныс аудардық. Пәкстанда суы тапшы, өсімдігі жоқ, бір таулы-тастақ жерде тұрдық, жағда­йы­мыз мүлде қиындай түсті. Осындай жағдайымызды сол мемле­кеттегі Түркия елшісі біліп, мемлекет басшыларына хат жолдап, Түркия мемлекетіне кө­шіріп алды. Түркия мемле­кетінің көмегі­мен бізге жағдай жасалып, қара­жат, үй, жер берілді. Осылай біз­дің көзіміз ашылды».

«Халеке, сонда біздің елден Түркияға жеткен қанша адам барды»? деп сұрағанымда, ол кісі: «Әрбір отбасындағы тоғыз адамнан бір адам аман қалды», деп көзі жасаурай отырып жауап берді.

Бұл қайғылы тарихи кезең­дерді әрбір Қазақстан азаматы білуі тиіс. Әсіресе, жастарды бол­ған оқиғалармен көптеп таныс­­­тыруымыз қажет. Ашаршы­лық тақырыбын жиі-жиі қозғау арқы­лы қазақ тарихындағы қасі­рет зардабының зор болған­ды­ғына, ашаршылықты зерттеу ісін бір жүйеге түсіруге, ғылыми-зерттеу­лердің шынайы қорытын­ды­­ларын қоғамға кеңінен наси­хаттауға, оның орта мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылуын қа­дағалауға мән берген абзал. Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдение­тімізді, өз тарихымызды бойы­мызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені меңге­руге ұмтылға­ны­мыз жөн. Олай болса, басты мақсатымыз - жас ұрпақты ұлт­тық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, руха­ни-мәдени мұ­ралар сабақтас­тығын сақтай отырып тәрбиелеу. Болған қасіретті оқиғаларды қай­тадан түзей ал­масақ та, жастарды тәрбиелеу ар­қылы біз ондай қиын заманның болашақта қайта­ланбауын қолға ала аламыз.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: "Біз Отанымыздың қасиетті бай­тақ даласын қантөгісті шайқас­тарда қорғаған және сұрапыл-қаралы күндері құрбан болған батыр бабаларымыздың рухына лайық болуымыз керек. Олар тәуелсіздікті аңсады, біртұтас, қуатты мемлекет құруды армандады. Осы ұлы мұратты жүзеге асырудың асқақ абыройы біздің ұрпақтың пешенесіне жазылды. Біздің тарихи міндетіміз елімізді әлемнің дамыған мемлекетте­рінің қатарына қосу, сөйтіп, келер ұрпаққа өркенді де өршіл Қазақстанды табыстау", - деген сөзінде терең ой жатыр. Сон­дықтан да тарихи кезеңдерді еске алып, алға ұмтылғанымыз жөн.

Бүгінгі уақыттың биігінен қараса, жоғарыда айтылған оқи­ғалардың болуы мүмкін емес нәрседей көрінеді. Бұл халықты азап шектіріп, тамырына балта шабуға бағытталған ұлы ашар­шы­лық болатын. Біз, бүгінгі ұр­пақ, ақиқатты білуіміз керек және қасірет шегіп, азаппен көз жұм­ғандарды есте сақтауымыз қажет. Бұл өткен тарихымыздан сабақ алу үшін керек және қазіргі және келешек ұрпақтың алдындағы үлкен жауапкершілік, оған қоса қасиетті борышымыз болмақ.

ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов. «Егемен Қазақстан».