Ашаршылық жылдары балық тиелген тарихи 14 вагонның бірі Арал музейінде тұр

Фото: Балықшылар музейі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қиын-қыстау заманда Еділ бойы мен оған жақын аумақтағы аштық қысқан жұртқа көмек ретінде Аралдан 14 вагон жөнелтілгені тарихтан белгілі. Сол вагондардың бірі бүгінде Арал ауданындағы Балықшылар музейінің ауласында тұр. 

Арал балықшылары РКФСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Владимир Лениннің 1921 жылғы 7 қазанда жазған хаты бойынша ашаршылыққа ұшыраған Поволжье тұрғындарына, оның ішінде 7 миллионнан астам балаға көмек қолын созған.

— Аудандағы Қарашалаң, Қаратерең, Аманөткел, Бөген, Қамбаш, Аралқұм ауылының балықшылары тонналаған балықты 3-4 күнде вагондарға тиеп, Қамбаш станциясынан Поволжье халқына жіберген. Сазан, жайын, тортасы бар, ауға не түседі, соның бірін қалдырмай жинай берген. Әйел, бала демей адамдардың бәрін жауапты жұмысқа жеккен. Қақап тұрған қыста тон киіп алып, шананы жылқыға, ол болмаса сиырға артып, шығырмен балық аулауға шыққан. Қамбаш станциясына барып, вагондарды толтырып, өнімді Поволжьеге жөнелткен, — деді музей меңгерушісі Әлішер Саржанов.

Аты аңызға айналған 14 вагонның бірі 2021 жылы Балықшылар аллеясы ашылған кезде Аралға әкелінді. Ол қала тұрғындары мен туристерге тарихтың тереңіне бойлауға мүмкіндік беретін құнды жәдігерге айналды. Музей ауласында одан бөлек өткен ғасырда балық шаруашылығында пайдаланылған Аралрыбпром, Т.Тохтаров, Т.Әлімбетов катерлері мен Лев Берг зерттеу кемесін, балықшылар тұтынған құрал-жабдықтарды тамашалауға болады.

Бұған дейін біз Аралдың айбыны асқақтап тұрғанда айдынында жүзген кемелердің қазір қайда кеткенін зерттеп көргенбіз.