«Біз бүгін тұңғыш рет Қазақстан тарихындағы ең қасіретті кезең, ашаршылық трагедиясына арналған халықаралық конференцияға жиналып отырмыз. Еуразиядай алып құрлықтың жүрегінде орналасқан, өз аумағына 5 Франция еркін сиятын Қазақстанның арғы-бергі тарихында жан берісіп, жан алысқан ұрыстар мен алмағайып оқиғалар аз болған емес. Бірақ солардың бірде-бірінде қазақ халқы ашаршылық жылдары орын алғандай аса зор адам шығынына ұшыраған жоқ. Сондықтан ашаршылық қазақ тарихындағы ең қасіретті оқиға болды», - деді.
Оның пайымынша, коммунистік идеология үстемдік еткен кешегі Кеңес одағы сияқты тоталитарлық мемлекетте ашаршылық тақырыбы мүлдем зерттелмеді. Ақиқатын айтқанда оны зерттеуге тыйым салынды.
«Сондықтан ашаршылық туралы шындық кешегі Кеңес одағы тарихында ақтаңдақтар ақиқаттары там-тұмдап ашыла бастаған өткен ғасырдың 80-шы жылдардың соңында ғана айтыла бастады», - деп ерекше тоқталған Мемлекеттік хатшы қазақ халқының басынан өткен сол бір қиын-қиыстау кезеңді жарыққа шығаруда зор еңбек сіңірген ғалымдардың есімдерін зор ілтипатпен атап өтті.