Бұл үшін мамырдың 31-ін «Жаппай қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні» деп қайта рәсімдеу шарт. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің атына сауал жолдаған депутат Алдан Смайыл осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жақында Еуропа кеңесі Парламенттік ассамблеясы Кеңес Одағы республикаларында 30-шы жылдары болған жаппай аштық құрбандарын еске алу туралы қарар қабылдады. Онда: «Белоруссия, Қазақстан, Молдавия, Ресей мен Украинаның жазықсыз миллиондаған адамы кеңес үкіметінің қасақана қатыгез саясаты жасаған жаппай ашаршылықтың салдарынан көз жұмды» делінген. Еуропа кеңесі ашаршылық жылдарындағы Қазақстанға айрықша мән беріп, қырылған елдің миллиондап саналатынын, халқының көбінен айырылғанын атап көрсетеді. Ресей мен Украинаға да осы зұлматтың ауыр соққы болып тигеніне назар аударады. Аштықты кеңес режімінің өз халқына қарсы жасаған қылмысы деп санайды», деді депутат.
Оның айтуынша, қазақтың арғы-бергі тарихында бұрын-соңды дәл осындай нәубет болған емес. Әрі бұл нәубетте көрген қорлық, шеккен азап пен қырылған халықтың көптігі жағынан атышулы «Ақтабан - шұбырындыдан» асып түскен.
«Ойымызды тарихи деректермен дәйектесек, шет елдердің зерттеушілері мен Алаш асылдарының тарихи еңбектерінде аталған апат коммунистік режімнің қазақ халқына қасақана жасаған қатыгездігі екені ашық айтылады. Бұған дәлел жеткілікті», дей келе А. Смайыл бірқатар деректерді алға тартты.
Мәселен, оның сөзіне қарағанда елдің мүмкіндігінен 17 есе артық жоспарланған егін және мал салығы ұлан даланы айтақырға айналдырған. 1928-1932 жылдардың ішінде халықтан 6 миллион 509 мың ірі қара, 18 миллион 566 мың қой, 3 миллион 516 мың жылқы тартып алынып, жүген-құрығын ұстап қалған жұрт басы ауған жаққа шұбырды. Солтүстік Қазақстан өңірінде - 385 мыңнан астам, Батыс Қазақстан өңірінде - 395 мыңнан астам, Оңтүстік Қазақстан өңірінде - 618 мың, Орталық Қазақстанда 30 мың адам қынадай қырылған. Ал демограф ғалымдардың осы дерегі бойынша барлығы 1 миллион 800 мың жан көз жұмған.
«Кейінгі зерттеулер бұл мәліметтің толық емес екендігін анықтап берді. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың 1917 жылы: «Иншалла, 6 миллион қазақпыз» - деген сөзін еске алып, қазақ асылы Мұстафа Шоқайдың деректеріне жүгінсек, аштықтан көз жұмғандардың қатары 2 миллион 287 мыңға жетеді. Кейбір тарихшылар қырылғандар бұдан да көп, 3 миллионнан асады деп дәлелдеуде. Адамзат тарихында бола қоймаған, ұсақ ұлттарға жасалған жауыздықтың удай шындығы, міне осындай. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Қазақ есімді тағдыры қиын елдің қанға боялған сол бір тарихи кезеңін ескерусіз қалдыру қоғамға да, заманға да, азаматқа да сын. Ресей Федерациясы мен Украина бұл нәубетті мемлекеттік деңгейде атап өтті. Дүниеден күңіреніп көшкен миллиондардың рухына жыл сайын тағзым ету үшін Еуропа Кеңесі Парламенті Ассамблеясы депутаттарының орынды пікіріне ден қойып, ашаршылық құрбандарын еске алатын ұлттық күнді белгілейік. Мамырдың 31-і - Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. Сол күн «Жаппай қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні» деп қайта рәсімделсін. Аштық жылдары ел тарихының тұтас кезеңі ретінде арнайы зерттелсін», деді депутат.