Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутаттық сауал жолдаған сенатор Мұрат Бақтиярұлы осы мәселені көтерді.
Сауал басында қазақ халқының тарихындағы 1928-1933 жылдардағы ашаршылық туралы ойын жеткізе келе депутат Мұрат Бақтиярұлы осынау зұлмат туралы ащы шындықтың айтылар кезі келгенін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, ашаршылықтың ауқымын, зардабы мен залалын әлі де нақтылай түсу қажет. «Бұған дейінгі атқарылған шараларға қарамастан Қазақстандағы ашаршылықтың тарихы мен зардабы жайында әлемдік қауымдастық аз біледі. Оларда толыққанды мағлұмат та жоқ. Сондықтан да, елімізде жарық көрген ашаршылыққа қатысты еңбектерді ағылшын тіліне аудару қажет», - деді сенатор.
Бұдан бөлек, Мұрат Бақтиярұлы қазіргі таңда жыл сайын 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып жүргеніне тоқталып, бұның ашаршылыққа соншалықты қатысты емес екендігін де алға тартты. Оның айтуынша, саяси қуғын мен ашаршылық нәубеті - екі бөлек ұғым. «Сондықтан да тәуелсіз еліміздің бүгінгі ұрпақтары қолдан жасалған ашаршылықтың құрбаны болған миллиондаған отандастарының жоқтаушысы болсын, тарихтан сабақ алсын десек, сол ашаршылық құрбандарын еске алып, аза тұтатын жылдың бір күні белгіленіп, ол Ұлттық қаралы күн деп жариялануы керек», - деді М. Бақтиярұлы. Депутат сондай-ақ барлық облыс орталықтарында ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш орнатылуы тиістігін де айтты. «Зұлмат туралы ашық айтылып, оған әділ саяси-құқықтық баға берілгені абзал. Тарихымыздың ең бір қасіретті жайы бүгінгі өскелеңнің санасына толық жетуі шарт. Біз бұны тоталитарлық жүйенің қолдан ұйымдастырған аштық құрбандарына айналған жазықсыз жандардың рухы алдындағы өзіміздің әрдайымғы азаматтық парызымыз деп сезінуге тиіспіз», - деді ол.