«Ашаршылық» тарихи драмасы: Роберт Де Ниро үшін арнайы сценарий жазылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Голливуд жұлдызы Роберт Де Нироның «Ашаршылық» фильміндегі рөлі үшін арнайы сценарийі жазылды. Бұл туралы аталған фильм режиссері Марина Кунарова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Енді актер киноға түсу үшін Қазақстанға 25 күнге келуі мүмкін.

«Сценарий жазылды. Қазір оны ағылшын тіліне аудару жұмыстары жүріп жатыр. Роберт Де Ниро шамамен 25 күнге келуі ықтимал. Оған берілген рөл маңызды, сондықтан Қазақстанда ұзақ болуы қажет. Осы мәселені және қаржыландыру жағын шешуге тырысып жатырмыз», - деді Марина Кунарова.

Айта кетейік, бұған дейін «Ашаршылық» тарихи драмасының режиссері Марина Кунарова Роберт Де Ниро үшін сценарий қайта жазылатынын айтқан болатын.  

«Ашаршылық» тарихи драмасы 1931-1933 жылдар аралығында қазақ халқының басынан өткен нәубет туралы. Фильмді «MG production» кинокомпаниясы «Старт тайм» краудфандинг платформасымен бірлесе отырып түсіреді. Сонымен қатар, Еуропалық кино қор да фильмді қаржыландыруға ат салыспақ. Роберт Де Нироны фильмге тартуды еуропалық тарап ұсынған болатын. «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында режиссер оған фильм бюджеті аз екенін және сценарийді қайта жазып шығу қажеттігін ескерткен. 

Фильмді түсіру 2018 жылдың ақпан айында аяқталады деп жоспарланған. Ал прокатқа 2018 жылдың күзінде шығады. Фильмнің ұзақтығы - 103 минут.