«Ашаршылықта қырылғандардың құны неге сұраусыз?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 15-і, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Миллиондаған халқымызды қырған саяси нәубеттің бағасын беріп, құнын сұрай алмау бүкіл халықтың бетіне шіркеу болары сөзсіз. Жылына бір рет ашаршылық құрбандарын еске алып, азалы күн жасамай, тірілердің тірлігі алға баспас, тәуелсіздігіміз тұғырлы болмас» -деп, ортаға салмақты ой тастаған «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Ашаршылықта қырылғандардың құны неге сұраусыз?» деген мақала елімізде 1920-30 жылдарда болған ашаршылыққа саяси баға беру мәселесін қозғайды.

«Ел анасы». Осы тақырыппен берілген аталмыш басылымның бүгінгі санындағы келесі мақала Сәбит Мұқановтың асыл жары, айтса-аузынан ақылды сөз төгілген, жасаса -қолынан парасатқа оранған кісілік өрілген ардақты ана Мариям Мұқанованың өмірі туралы жазды.

13 қыркүйекте таңертеңгі мезгілде Талдықорған қаласында өрт салдарынан аса қайғылы оқиға орын алды. Бой бермейтін дәрежеге жеткен өрт алауы 650 метр жерді шарпыған. Бұл туралы толығырақ білгіңіз келсе, осы басылымдағы «Жаманат айтып келмейді» деген мақаланы оқыңыз.

 ***

Талдықорғандағы қайғылы апатты  «Айқын» басылымы да жазды. «Талдықорғандағы жағдайды Үкімет айрықша бақылауға алды» тақырыбымен берілген мақалада газет  Талдықорған қаласындағы облыстық наркологиялық диспансерде болған жантүршіктірер оқиғаның себептерін зерделеуді Үкімет басшысы айрықша бақылауға алғанын хабарлаған.

 «Бұл түн - Қасиетті түн құрани кәрім жер бетіне түскен түн. Сол үшін де бұл түн барша мұсылман жамағаты үшін айрықша қасиетті болып саналады. Бұл -бір. Екіншіден, қадір түні, яғни дәл осы түні адам баласының бір жылғы тағдыры жазылады», -дейді Алматы орталық мешітінің бас имамы Құлмұхамет қажы Махамбет. Қасиетті қадір түнінің мән -маңызы туралы білгіңіз келсе, аталмыш басылымдағы «Қадір түні адам баласының бір жылғы тағдыры жазылады» деген сұхбатқа назар аударыңыз.

***

Астанадағы өскелең ұрпақ бойына патриоттық тәрбие беретін әрі тарихи тағылымды орындардың бірі - «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешені. Биыл осынау ашық аспан астындағы «кішкентай» Қазақстанға 8 жыл толып отыр. «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі саны «Айлы түндегі «Атамекен» деген тақырыппен аталмыш кешеннің мерекелі күніне ұйымдастырған іс шаралары туралы баяндайды.

«Қазақстанда жастар күні неге жоқ?» деген сауалға құрылған аталмыш басылымдағы келесі мақала  жастар мәселесі туралы ой қозғайды. «Қазақстан - әлемдегі ең жас мемлекеттер қатарына жатады. Мұнда халықтың басым көпшілігі - бойында жалыны мен қуаты тасыған жастар. Әйтсе де қиырдағы кәрі мемлекет -Қытайдың өзі жастар күнін белгілеп, жастар саясатына ерекше мән беріп жатса да, Қазақстанда әлі күнге жастарға арналған мереке жоқ», - дейді басылым.  

 ***

«Алаш Айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Әрбір ұлт үшін жерсіндіре білсе, кез келген жаңа өнердің жаттығы жоқ» деген тақырыппен берілген сұхбатта  ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас директоры Дүйсен Қасейінов түркі опера өнері тарихындағы ауқымды халықаралық жоба жайлы әңгіме қозғайды.  

«ТҮРКСОЙ  халықаралық ұйымы 12 қыркүйек күні Алматыда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында түркі халықтары опера өнерінің озық үлгілерінің бірі болып табылатын, белгілі әзірбайжан композиторы Узеир Гаджибековтың «Көроғлы» операсының халықаралық премьерасын өткізеді. Түркі халықтарының өнер тарихында алғаш рет қолға алынған ірі халықаралық жобаның тұсауы қырғыз жерінде кесілді. Енді Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан сахналарында қойылады. Бұл- шынымен-ақ, түркі опера өнері тарихында бұрын-соңды жасалмаған аса ауқымды халықаралық жоба», - дейді Д. Қасейінов.

 ***

«Жібек жолы -2009» ралли-жорығының ақтық жарысы үш президенттің батасымен басталды, деп жазады «Казахстанская правда»газеті. 25 елдің өкілдері мен әлемнің ірі автоөндірушілерінің көліктері қатысқан бұл авто-жорық Қазақстан, Ресей және Түрікменстан президенттерінің қолдауымен қыркүйектің 5-інде Қазан қаласынан шыққан болатын. Осы уақыт аралығында жарысқа қатысушылар Ресейдің, Қазақстанның жерін басып өтіп, қыркүйектің 13-інде Ашхабатқа жеткен.

 «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев Қазақстанның тұңғыш президентінің өмірлік президент болу мүмкіндігі төңірегіндегі пікірталастар тұжырымдамалық тұрғыдан жаңа «Ұлт көшбасшысы туралы» конституциялық заңның аясында ғана жүруі мүмкін деп санайды. Бұл турасында егжей-тегжейлі «Известия Казахстан», «Экспресс К» басылымдарынан оқуға болады.

Талдықорғанда наркологиялық диспансерде болған өрт салдарынан 37 адам көз жұмды, 10 адам ауруханада жатыр. Осы қайғылы оқиға бойынша 100-ден аса куәгерден жауап алынып, тергеу -анықтау жұмыстары жалғасуда. Опат болған бес адамның кімдер екені әзірге анықталған жоқ, ал қалғандары туыстарына берілмек. Қайғылы оқиғаның анық-қанығына  «Литер», «Экспресс К»  газеттері үңілген.