Асхат Аймағамбетов МӘМС проблемаларына қатысты пікірін айтты

Фото: Әділет Беремқұлов/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Парламентт Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов жақында арада еліміздегі медицина саласындағы мәселелерді шешу керек екенін айтты.

«Жалпы, жақсы шешімдер де бар, сондай-ақ біз келіспейтін шешімдер де байқалып отыр. Жақында біз онкология туралы мәселені көтердік. МӘМС бойынша проблемалар әлі де шешілген жоқ. Одан сайын МӘМС проблемасы ушығып бара жатыр. Медицина саласына қатысты халықтың сенімі төмендеп отыр, яғни соңғы зерттеулер осыны көрсетті», - деді А. Аймағамбетов Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Бұл тұрғыда ол Денсаулық сақтау министрлігіне келген жаңа басшылық аталған жағдайды өзгертеді деген сенімін айтты. 

«Сондықтан жан-жақты пысықтап, МӘМС мәселесін шешуіміз керек», - деді депутат. 

Жақында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылмаған азаматтардың мәртебесін анықтау жүріп жатқанын айтты.