Асхат Аймағамбетов: Жаңа Конституция мұғалім айлығының азаймайтынына кепіл болады

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа Конституцияның ғылым мен білімге басымдық беретін нормалары қарапайым қазақстандықтардың өміріне қалай әсер ететінін айтты. 

– Бірінші кезекте қазіргі Конституциядағы азаматтардың мектепте ақысыз білім алу, конкурстық негізде ақысыз жоғары білім алу құқықтары жаңа Конституцияда да сақталады. Мемлекеттің бұл тұрғыдағы міндеттемелері қысқармайды. Преамбулада алғаш рет ғылым-білім, инновация туралы айтылған. Мемлекет дамуының басым бағыттарының, басты қағидаттарының ішінде білім мен ғылым, инновация тұр, - деді ол «Референдум-2026» атты онлайн-марафонда.

Депутаттың пайымдауынша, жаңа Конституцияда білім мен ғылым саласын қаржыландыру саясаты айқындала түскен. 

– Мысалы, Қаржы министрлігі, басқа да уәкілетті органдар ғылым саласына, білім саласына бөлінетін қаржыны қысқартайық деп, мұғалімдердің айлығын азайтайық деп енді айта алмайды. Өйткені ол тек заңға немесе әлдебір бағдарламаларға қарсы шығып қана қоймайды, Конституцияға қарсы шыққан болып шығады. Өйткені бұл мәселелер Конституцияның бірнеше жерінде мемлекеттің басым бағыты ретінде бекітіліп отыр. Сондықтан бұл қарапайым азаматтардың баласын балабақшаға беру, мектепте оқыту құқықтарына кепілдік береді. Жоғары білім алатын, ғылыммен айналысатын азаматтарға да бұл үлкен кепілдік, - деді Асхат Аймағамбетов. 

Айта кетейік, Kazinform агенттігінің YouTube арнасында «Референдум-2026» атты онлайн-марафонын тікелей эфирде көрсетіп жатыр. Сағат 12:00-де басталған онлайн-марафон сағат 18:00-ге дейін жалғасады деп жоспарланған.