Асхат Шахаров: Ақтөбе қазақы асыл тұқымды жылқы экспорттайтын өңірге айналады

Фото: Дияр Бексұлтанов

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Jibek Joly арнасындағы «Уәде» бағдарламасында өңірде жылқы шаруашылығы институтын қалыптастыру жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты. 

— Негізгі алаң ретінде арнайы мекемені аштық. Совет кезеңінен қалған тәжірибелік станса базасында институт ашып, ұйымдастырдық. Алғашқы мамандар тартылды. Қазір жылқы шаруашылығын жақсы меңгерген профессорлар осы институттан тұрақты жұмыс алды. Енді базаны салу мәселесі қалды. Қазір Үкіметпен бірге база салынатын орынды таңдадық. Құрылыс-монтаж жұмыстарын бастап кеттік. Келесі жылы толық аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, — деді ол.

Асхат Шахаров облысқа арнайы шақыртылған ғалымдарға үлкен сенім артылып отырғанын айтты.

— Негізгі мақсатымыз — асыл тұқымды жылқыны көбірек шығарып, өзіміздің бренд ретінде экспорттау. Шақырған профессорларымыз жұмысты қажетті деңгейде атқарып берсе, төл тұқымды әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндік болады, — деді әкім.

Бұған дейін Ақтөбеде Қазақ жылқы шаруашылығы институты құрылғанымен, ғимаратын салатын орын әлі табылмай жатқанын жазған едік