Асхат Шахаров мектептердегі қауіпсіздік жүйесінің жұмысын тексерді

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, облыстық ПД бастығы Абай Жүсіпов және облыстық Білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан қаладағы үш мектепке барды. Олар қауіпсіздік шараларының жай-күйін тексеріп, ақтөбеліктерді тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды. 

Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысы Асхат Шахаров Ақтөбе қаласының бірқатар мектебін аралап, оқушылардың ата-аналарымен әңгімелесті. Аймақ басшысы №21, 27 және 32 мектептерде болды.

- Үрейленуге себеп жоқ. Халықтан тыныштықты сақтап, тек сенімді, ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймын. Бұл хабарламалардың жалған екені бұрыннан белгілі. Дегенмен, қауіп төндіру туралы айтылғандықтан, барлық мектепте қажетті қауіпсіздік шаралары қабылданды. Жағдай – бақылауда, - деді Асхат Шахаров.

Сонымен бірге баспасөз қызметі мұндай хабарлама Ресейде де тарағанын атап өтті.

- Өңір басшысы халықты сабырлы болуға, тек сенімді және ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды. Әлеуметтік желілерде 26 қаңтар күні Ақтөбе мектептеріне шабуыл жасауға дайындалып жатқаны туралы жалған ақпарат жарияланған. Дәл осындай, бірдей сарындағы мәтіндер мен фотосуреттер бар хабарламалар Ресейдің бірқатар қаласында таратылған, - деп хабарлама таратты облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, бүгін таңертең телеграм каналда белгісіз біреу Ақтөбенің бірнеше мектебіне шабуыл жасайтынын мәлімдеді.