Асхат Жаңбыров: Әлем чемпионатында шәкірттерім үмітті ақтады
АСТАНА. KAZINFORM — Грек-рим күресінен еліміздің 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасының бас бапкері Асхат Жаңбыровпен Kazinform тілшісі Грекия астанасы Афины қаласында өткен әлем чемпионатының нәтижесі жөнінде ой бөліскен еді.
— Әлем чемпионатында отандастарымыз бес жүлде алды. Көрсеткішке көңіліңіз тола ма?
— Әрбір үлкен дода алдында алдымызға меже қоямыз. Бұл спортшының бабы қандай екенін көрсетеді. Өзіміздің де жұмысымыз қалай жүріп жатқанын аңғартады. Қандай деңгейде болсын, әлем чемпионатының жөні бөлек. Ол — спортшылардың алдағы биік белестерді бағындыруына жасалған алғашқы қадамы. Үміт күткен шәкірттерімнің барлығы сенімді ақтады деуге болады. Одан да жоғары көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік бар еді. Жарыс алдында «алтынға көбірек қол жеткіземіз бе» деген үмітіміз болды. Десе де шәкірттерім жоғары деңгейде күресті. Олардың арасынан Жаңажол Қуанышбек (45 келі) әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Ал Нұрдәулет Кұмарұлы (48 келі), Асқар Нұрәли (55 келі) күміс жүлдегер атанса, Марлен Мейірбекұлы (71 келі) мен Досбол Шамил (65 келі) қола медаль иесі болды.
Сондықтан құраманың жетістігіне толықтай көңіліміз толады. Жасаған жұмысымыз, еткен еңбегіміз ақталды деуге негіз бар.
— Ұлттық құраманы жасақтау барысында қандай талаптарға көңіл бөлінді?
— Оған ерекше мән бердік. Алдымен ел біріншілігі өтті. Онда жақсы нәтижеге қол жеткізген балуандар Азия чемпионатында бақ сынады. Одан кейін шәкірттерімнің құрлықтық додадағы нәтижесін таразыладық. Екі салмақта балуандарды ауыстыруға тура келді. Нәтижесінде құрамаға 51 және 71 келіде сынға түсетін спортшылар жаңадан келді. Әлем чемпионатында қай-қайсысы да өзін жақсы қырынан танытуға тырысты. Олардың алатын асуы әлі алда деп ойлаймын.
— Дүниежүзілік дода ешкімге оңай соқпайтыны анық. Қазақстандық балуандардың қарсыластары жөнінде не айтар едіңіз? Олар жөнінде алдын-ала мәлімет жинап, зерттеу жасап көрдіңіздер ме?
— Әлем чемпионатына дүниежүзінің 44 келінен спортшылар келді. Осының өзі дүбірлі доданың тартысты өткенін айғақтайды. Қазір грек-рим күресінде барлығы жоғары деңгейде дамып келеді. Олардың ешбірін әлсіз деп айта алмайсың. Сондықтан кез-келген балуаннан лайықты қарсылықты күтуге тура келеді. Біз жалпы командалық есепте үшінші орынға тұрақтадық. Бұл жөнінен екінші орын Өзбекстанға бұйырса, көш басында Иран балуандары тұр. Осы көрсеткіштің өзінен әлемде қай елде грек-рим күресі қандай деңгейде дамып жатқанын аңғару қиын емес. Бұдан бұрын 2019 жылы қазақстандық балуан әлем чемпионы атағын жеңіп алған еді. Содан бері мұндай табысқа ешкім қол жеткізіп көрмеген екен. Былтыр еншімізге екі күміс бұйырса, одан бұрын небәрі екі қолаға қолымыз жетті. Биыл 1 алтын, 2 күміс, 2 қола алдық.
— Дүбірлі додаға дайындық қалай жүргізілді?
— Жыл басынан бері әлем чемпионатына дайындыққа баса назар аударылды. Шәкірттерім қай кезде де өздерінің бабында болуына көңіл бөлді. Тұрақты түрде жаттығу жасап, алдағы жарыстарға әзірлігін пысықтай түсті. Сондықтан да олар халықаралық бәсекелерде еліміздің туын жоғары көтеруге күш салды. Жалпы, әрбір төгілген тердің өтеуі қайтады емес пе? Үздіксіз жасалған жаттығу осылайша өз жемісін берді. Сондай-ақ балуандарды бабында ұстау үшін оқу-жаттығу жиындары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Оған қоса жалпы физикалық дайындық мәселесі ескерусіз қалған жоқ. Осының нәтижесінде шәкірттерім әрбір жарысқа сақадай сай болуға тырысты.
— Балуандарды алда қандай жарыстар күтіп тұр?
— Біз үшін ешқандай демалыс жоқ. Өйткені, әрбір сәттің бағасы ерекше деп санаймыз. Спортшы сәл босаңсып кеткен жағдайда ешқандай нәтижеге жете алмауы мүмкін. Сондықтан біз ешқашан уақытты босқа өткізбеуге тырысамыз. Жасөспірімдер құрамасы келешекте еліміздің негізгі балуындарына айналады. Осыған байланысты дарынды, талантты, еңбекқор, шымыр, шеберлігі шыңдалған өрендерді дайындау — біздің басты міндетіміз. Осындай мақсатпен бапкерлер құрамы тынбай тер төгіп келеміз. Оның жемісін де көріп отырмыз. Алда бізді көптеген жарыс күтіп тұр. Олардың арасында ТМД елдерінің ойындарына дайындық қазірден басталып кетті. Аталған бәсекеде де жоғары биіктен көрінуге тырысамыз.
Жалпы, спорт дегеніңіз қаншама тер төгуді қажет етеді. Сол жолда спортшылар қаншама уақытын сарп етеді. Бұл — барлығына қойылатын талап. Осыған орай біз кәсбіи мансабын енді бастап келе жатқан балуандардың бабына үнемі көңіл бөлеміз. Барлық жарысқа сақадай сай баруға назар аударамыз.
— Қазір еліміздің барлық өңірінде грек-рим күресінен көңіл бөлініп отыр ма? Бұл бағытта алдыңғы лектен көрініп жүрген қандай аймақтарды айтар едіңіз?
— Расы керек, бұдан бұрынғы жылдары Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Жетісу, Алматы облыстарының балуандары жоғары деңгейде шеберлік көрсетіп жүрді. Қазір Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары спортшыларының да нәтижесі жоғарылай түсті. Мұндай серпіліс өзге де өңірлерде байқалып отыр. Бәсекенің жоғары болуы балуандардың шеберлігін шыңдауына үлкен әсерін тигізеді. Сондықтан еліміздің барлық аймағында грек-рим күресінің өз деңгейінде дамуына зор сенім білдіреміз.
— Әңгімеңізге рақмет.