Ашхабадта қазақстан - түркіменстан шекарасы арқылы өтетін жаңа теміржол өткізу бекетін ашу туралы келісімге қол қойылды

АСТАНА. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Ашхабад қаласында ТМД елдерінің үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Онда бірқатар халықаралық келісімдерге қол қойылды.

 

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы  Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев және Түркіменстан Республикасының Теміржол көлігі министрі Байрам  Аннамеров  Қазақстан-түркіменстан мемлекеттік шекарасы арқылы өтетін халықаралық теміржол өткізу бекеті туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түркіменстан Республикасы Үкіметі арасындағы келісімге қол қойды.

Аталған келісім қазақстан-түркіменстан мемлекеттік шекарасы арқылы  Болашақ (Қазақстан) - Серхетяка (Түркіменстан) халықаралық  теміржол  өткізу  бекетін ашуды көздейді.

Бұл «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін жаңғырту бойынша  халықаралық жоба кезеңдерінің бірі болып табылады. Аталған жоба аясында Қазақстан, Түркіменстан және Иран елдері  Өзен (Қазақстан) - Берекет (Түркіменстан) - Горган (Иран) теміржол желісінің құрылысын   жүзеге асыруда.

Айтып өту керек, қазақстандық тарап аталған теміржол желісінің 146 шақырымын құрайтын  құрылысын  өткен  жылдың соңында  барлық нысандарымен бірге аяқтады.

Анықтама үшін: «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін жаңғырту бойынша  халықаралық жобаны жүзеге асыру жұмысы  2007 жылы басталды. Сол жылы Қазақстан, Түркіменстан және Иран  мемлекеттері  басшылары Каспий жағалауы елдерінің мемлекет басшыларының Саммитінде  Өзен (Қазақстан) - Берекет (Түркіменстан) - Горган (Иран) теміржол желісінің құрылысын жүзеге асыру бойынша біріккен Декларацияға қол қойған болатын.

Барлық учаскелер пайдалануға берілген жағдайда, Парсы шығанағы елдерінің нарығына  құрлық арқылы шығу мүмкіндігі қамтамасыз етілмек. Және ара қашықтық  600 км дейін қысқарады.

Пайдалануға берілген алғашқы жылы Қазақстан аталған учаске арқылы  5,5 млн тоннаға дейін  жүк жіберуді көздеуде. Жіберілетін жүктердің қатарында: астық, құрылыс материалдары, халық шаруашылығы тауарлары, металл бұйымдары ,т.б. бар.