Ашхабадта Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан трансұлттық газ құбырын салу жобасы талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркіменстан президенті Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов Ауғанстан Ислам Республикасының тау-кен қорлары мен мұнай министрі Даудшах Саба бастаған Ауғанстан үкіметінің делегациясын қабылдады, деп хабарлады turkmenistan.ru.

Кездесу барысында тараптар отын-энергетикалық саласындағы серіктестікті дамыту және Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан (ТАПҮ) трансұлттық газ құбырын салу жобасын іске асыру мәселелерін талқылады.

Түркіменстан президентінің атап өтуінше, тараптар Ауғанстанда тұрақты экономикалық және әлеуметтік жандану, елдің аймақтық және әлемдік шаруашылық қатынастарына табысты қосылу үшін маңызды шарт ретіндегі ТАПҮ газ құбыры жобасының іске асырылуына ерекше мән беріп отыр.

Сондай-ақ, келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық серіктестік, экономикалық, қаржылық және агроөнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықтың оң жағдайларын жасау мәселелерін ортаға салды.