Ашығу ағзаны қалай тазалайды — гастроэнтерологпен сұхбат

Фото: Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Елімізде қазір түрлі ашығу әдісін ұсынатын мамандар көп. Kazinform тілшісі гастроэнтеролог Сағындық Рысмағанбетовпен кездесіп, дұрыс жолын сұрады.

— Қазір елімізде ашығу сәнге айналғандай әсер қалдырады. Адамдар шынымен де саналы түрде денсаулығын қолға алған ба? 

— Маман ретінде айтарым — ашығу арқылы ағзаны сауықтыру пайдалы. Қазір адамдар осы әдіске жиі жүгінеді. Бұл сауықтырудың ежелден келе жатқан бір жолы деп айтар едім. Бұған Ибн Сина, Гиппократ, Әл-Фарабидің еңбектеріндегі жазбалары дәлел. Ғылым, технология дамыған заманда ғалымдар зерттеуді тереңдете түсті. ХІХ ғасырда Еуропа ғалымдары ашығудың пайдалы екенін дәлелдеген. ХХІ ғасырда жапон ғалымы Ёсинори  Осуми өз зерттеуінде ашығу нәтижесінде пайда болатын аутофагияның маңызын дәлелдеп, Нобель сыйлығын алды. Рас, қазіргі кезде ашығудың түрі көп. 

— Атап өтсеңіз…

— Ашығудың бірнеше түрі бар. Ең кең тараған түрлері:

Медициналық ашығу (емдік ашығу). Мақсаты — денсаулықты жақсарту, ағзаны тазартып, қабынуды азайту. Оның 1, 3, 7 күндік және одан да ұзақ мерзімді ашығу әдісі бар. Мұндай ашығу кезінде тек су ішеді.

Діни ашығу. Мақсаты — рухани тазару. Мысалы: Ораза (Рамазан) — күн шыққаннан күн батқанға дейін тамақ пен сусын ішпеу. Христиан, буддист, иудей діндерінде де ораза түрлері бар.

Интервалды ашығу (аралас ашығу). Мақсаты — салмақ тастау, инсулин деңгейін реттеу, зат алмасуды жақсарту. Түрлері: 16/8 әдісі — 16 сағат ашығу, 8 сағат ішінде тамақтану, 5/2 әдісі — аптада 5 күн қалыпты тамақтанып, 2 күн өте аз калория тұтыну, OMAD (One Meal A Day) — күніне тек 1 рет тамақтану.

Құрғақ ашығу. Мақсаты — ағзаны толық тазарту. Ол кезде су да, тамақ та ішпейді. Бұл қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан тек қысқа мерзімге жоспарлап, маман бақылауында болуы керек.

Смузи немесе шырын диетасы. Мақсаты — жеңіл ашығу. Ол кезде тамақ жемейді, тек шырын немесе смузи ішеді. Бұл ағзаны демалтуға көмектеседі.

Фото: Pexels

Ашығудың пайдасы мен зияны әр адамның денсаулығына байланысты әртүрлі болады. Созымалы аурулары (мысалы, қант диабеті, асқазан жарасы) бар адамдар дәрігермен кеңесіп қана ашыққаны дұрыс.

— Ашығудың пайдасына тоқталсаңыз…

— Ағзамыздың бірнеше жүйесіне оң әсер етеді. Соның ішінде жүйке жүйесі, асқазан-ішек жолдары, метоболикалық бұзылыстары бар адамдарға пайдалы. Тіпті ағзаның уақытынан бұрын қартайып кетпеуін қамтамасыз етеді. Ғалымдардың айтуынша, аутофагия құрылысы арқылы қабыну, жүрек-қан тамыр ауруларын, зат алмасудың бұзылуы, нейродегенативті, қатерлі ісік пен семіздіктің алдын алуға болады. Курт Эскобар бастаған зерттеу тобының жазуынша, уақтылы ашығу — альцгеймер (қартаю немесе алжу) ауруының алдын алады. Өйткені ол бета-амилоид сынды амин қышқылдарын азайтады. Яғни, белгілі бір уақыт сайын ашығу арқылы қартаюды тоқтатып, денсаулықты жақсартуға, ұзағырақ өмір сүруге мүмкіндік бар. 

Скриппс ғылыми-зерттеу институтының иммунологтары адам ағзасы ақырын ашыққанда, инсулинге тәуелді болмағанда аутофагия тез жүретінін жазды. Негізі қартая келе аутофацияның жүрісі баяулайтынын ұмытпаған жөн. Ал Флорида университеті ғалымдары аутофагия құбылысы тез жүру үшін ауық-ауық ашығуды әдетке айналдару керегін айтады. Олардың есептеуінше ең тиімді ашығу — 18-24 сағаттық ашығу тәртібі. 

— Ашығу әдісін ұсынатын адам көп. Әсіресе әлеуметтік желіде өз қызметін ашық жарнамалайтын адамдар көбейді. Маманды қалай таңдаймыз? Кімдікі дұрыс, қайсысы бұрыс?

— Әр адамның индивидуалды ерекшелігін ескеретін білікті маманға бару керек. Себебі әр адамның ағзасы әртүрлі, зат алмасу процесі де әрқилы. Егер бір адамда зат алмасу процесі тез жүрсе, 12 немесе 16 сағаттық ашығуды ұсынамын. Кейбір адамда ас баяу қорытылады. Оларға 20 сағат тиімді. Бойдағы дерттің қаншалықты ауыр екеніне де мән береміз. Ашығу дегеніміз не? Оны қалай білуге болады? Адам әлсірей бастайды, қан қысымы түседі, басы айналады, ұйқысы келеді. Осы аралық ашығуға қажетті белгі. Ал тамақтануға келсек, алдын ала дайындаламыз. Бірден емес, біртіндеп кірісеміз. Бірден ас ішпей қалса, кері әсері де кездеседі.

Астың пайдалысы — ақуыз. Балық, тауық және өзге құстың еті болған дұрыс. Жеміс-жидек пен көкөніс те пайдалы. Бұл дәрумендердің орнын толтырады. Тәттіні азайтамыз, нан жемейміз. Ең бастысы — ашыққан адам кем дегенге күніне 1,5-2 литр су ішуі керек. Бәрі адам салмағына байланысты болады. Оған шай, сусындарды қосуға болмайды. Қандай ашығу болса да судан бас тартпаймыз. Кімнен кеңес алған дұрыс деген сұраққа келер болсақ, дәрігерден. Медицина саласында білім алған, кейін осы саланы меңгерген маман ғана дұрыс жолын айтады. Қазір калориялық диета деген де бар. Адам ағзасына күн сайын қажетті элементті есептеп, толтырып отырады. Ол білікті диетологтар мамандардың қолынан келетін іс. 

— Иә, шын мәнінде гастроэнтерологқа жүгінетін адамдар көбейген сияқты. Тек ересектер емес, балалар арасында да түрлі дерт кездесіп жатыр…

— Қазіргі таңда тағамға түрлі қоспа қосылады. Дайын өнім жейміз, газдалған және қанты өте көп сусын ішеміз. Демек тамақтану тәртібіміз өзгерді, денсаулығымызға елеулі зияны тиді. Оған қозғалыстың аздығы және зиянды әдеттерді де қосыңыз. Салдарынан науқас адамдар, созылмалы дертке шалдыққандар дәрігер көмегіне жиі жүгініп жатыр.

Фото: Pexels

— Сіз кеңес бересіз, ал өзіңіз тамақтану ережесін сақтайсыз ба?

— Отбасымызбен мүмкіндігінше дұрыс тамақтануды ұстанамыз. Зиянды әдеттерден аулақпын.

— Қай ашығу әдісін қолданып көрдіңіз?

— Өзім Ораза ұстаймын. Оразаның өзі аралық ашығуға жатады. Әр адам ашығуды әртүрлі оймен бастайды. Бірі денсаулығын нықтайды, бірі арықтағысы келеді. Бір ай ашығу кестесін сақтап, бір ай өзіне шектеу қоймайды. Кейбірінде бірнеше айға, күнге созылады. Арнайы уақыты жоқ деп ойлаймын.

— Қалай асқазан, ішек ауруларының алдын алуға болады?

— Ең алдымен өмір сүру салты, дұрыс тамақтануды ұстану — басты принцип.

Айта кетейік, Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан адамдардың басым бөлігі дерті II немесе III-сатыға өтіп, әбден асқынған кезде ғана біледі.

Ал дәрігерлер азаматтардың өз денсаулығына салғырт қарап, уақытында тексерілмейтінін алға тартып отыр.