Ашық есік күні: Астанада ортопедтер мен травматологтар балаларды тегін қабылдайды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада 26 мамыр күні ортопедтер мен травматологтар балаларды тегін тексереді. Бұл туралы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы жазды.
– «Дәрігер – балалардың жанашыры» республикалық акциясы аясында ортопед және травматолог дәрігерлердің ашық есік күніне барлық балалар мен ата-аналарды шақырамыз, – деп жазды аурухананың баспасөз қызметі.
Ашық есік күні Астана қаласында 26 мамыр күні сағат 14:00-ден 16:00-ге дейін Рақымжан Қошқарбаев көшесі, 64-үй мекен-жайында орын тепкен №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында өтеді.
Бұл шара балалардың тірек-қимыл жүйесі ауруларының алдын алу және ортопедиялық, травматологиялық бұзылыстарды ерте анықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Мамандардың айтуынша, қазіргі кезде балалар арасында дұрыс емес қалып (осанка), майтабан, омыртқаның қисаюы сондай-ақ тұрмыстық және спорттық жарақаттардың салдары жиі кездесіп жатыр. Көптеген аурулар ерте кезеңде анықталса, түзетуге болады.
Іс-шараға қатысу тегін, алайда алдын ала онлайн тіркелу қажет.
Сайт арқылы тіркелу болады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда 1200-ден астам оқушының омыртқасы қисайғанын жазған едік.