Ашық НҚА неге құжаттардың толық мазмұнын салмай жатыр – Әділет министрлігі түсіндірді

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Әділет министрлігінің баспасөз қызметі  Kazinform редакциясына «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталына шығарылған кей құжаттардың мазмұны неге бұрынғыдай толық жарияланбай жатқанын түсіндірді.

- Порталдың соңғы техникалық пысықтауларына сәйкес, НҚА жобаларын жария талқылау процесін оңтайландыру мақсатында НҚА заңға тәуелді жобаларын орналастыру форматы өзгертілді. Атап айтқанда, халыққа ыңғайлы болу үшін порталда танысу үшін қолжетімді нысанда НҚА жобасының негізгі мазмұны орналастырылатын болады, - деп жазылған ресми мәліметте.

Мұндай жаңашылдықтың заң жобалары мен реттеушілік саясаттың консультативтік құжаттарына қатысы жоқ.

- Заң жобалары мен РСКҚ (Реттеушілік саясаттың консультативтік құжаты) бойынша бұрынғы тәртіп сақталады. Енгізілген пысықтаулар уақытша сипатты білдірмейді, - деп жазылған министрліктің түсіндірмесінде.

Еске салсақ, өткен аптада Egov-та бір ЖСН бойынша тіркелген ұялы телефон нөмірлерінің санын тексеруге арналған жаңа қызмет қосылған болатын.