Әшімбаев: Қазақстан мен АҚШ арасында ұзақ мерзімді ынтымақтастық қалыптасқан

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастығы ары қарай да жалғаса беретіні сөзсіз. ҚР Парламенті Мәжілісі жалпы отырысынан кейін тілшілерге Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ашығын айтатын болсам, сайлаудың алдындағы апталарда Хиллари Клинтон жеңеді деп ойлаған болатынмын. Өйткені, бұған бірнеше факторлар себеп болды. Өздеріңіз де білесіздер, бұқаралық ақпарат құралдарында да Клинтонды қолдау кеңінен болды, одан басқа биліктің қасындағы сарапшылардың қауымдастығы да қолдау жасады. Осы бағытта тағы да тиісті үрдістер байқалды. Сондықтан осы ретте тиісті тұжырым жасаған едім, бірақ та Дональд Трамптың жеңіске жеткені АҚШ-тың ішінде біраз үрдістердің бой алып жатқанының бір көрсеткіші. Жалпы, Трамптың сайлауалды бағдарламасында көтерілген мәселелерді білесіздер. Бұл өз кезегінде АҚШ халқы оның ұсынып отырған кейбір бастамаларын қолдап отырғанын білдіреді»,-деп тоқталды М. Әшімбаев.

Бұл тұрғыда депутат Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың тұрақтылығын сақтайтын факторлар бар екенін, экономика, мұнай саласындағы екі елдің серіктестігі мен ынтымақтастығы ұзақ мерзімді факторға негізделгенін, сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы лаңкестікке қарсы күресте де екі елдің мақсаттарына сай келетін ұзақ мерзімді ынтымақтастық қалыптасқанын атап өтті.

«Сондықтан бұл ынтымақтастық ары қарай да жалғаса беретіні сөзсіз. Бұдан бөлек, айта кететін тағы бір мәселеге тоқталатын болсақ, сайлау нәтижесі негізінде АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынас дұрысталуы мүмкін. Бұл бағытта тиісті қадамдар іске асырылатыны анық. Осы орайда бұл біздің мүддемізден шығады, себебі аталған екі ел де біздің серіктестер»,-деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, АҚШ-тағы президент сайлауының нәтижелері белгілі болды.  (Республикалық партия атынан кандидат болған Дональд Трамп қажетті сайлаушылар дауысын жинады.