АШМ аппарат басшысы тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрлігінің аппарат басшысы болып Сергей Ли тағайындалды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
— Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен, Президент Әкімшілігі мен Үкімет Аппаратының келісімі бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің аппарат басшысы болып Сергей Ли тағайындалды, — делінген хабарламада.
Сергей Михайлович Ли 1973 жылы дүниеге келген. Санкт-Петербургтегі РФ ІІМ Ішкі әскерлерінің жоғары әскери командалық училищесін «құқықтану» мамандығы бойынша, сондай-ақ Қазақ-Ресей халықаралық университетін «есеп және аудит» мамандығы бойынша тәмамдаған. Заң ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын банк саласында бастаған. «Казагропромбанк» АҚ Ақтөбе облыстық филиалында және «Казкоммерцбанк» АҚ Ақтөбе филиалында заңгер болып жұмыс істеген. Салық қызметі органдарында қызмет атқарған: бас маман, құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы, Ақтөбе облысы салық департаментінің құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бастығы, сондай-ақ Ақтөбе қаласының салық басқармасын басқарған. Ақтөбе облысы бойынша сот актілерін орындау департаментін басқарған, ҚР Жеке сот орындаушылары республикалық палатасының басқарма төрағасы қызметін атқарған, 2019 жылдың қыркүйегінен бастап Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, Сауда және интеграция министрлігінің заң қызметі департаментінің директоры лауазымдарын атқарған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін «QazExpoCongress» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Осыған дейін Қазақстанның Моңғолиядағы, Шри-Ланкадағы, Швециядағы және Даниядағы елшілері тағайындалғанын жазғанбыз.