Бұл туралы бүгін селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында аталған ведомствоның басшысы Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
«Атап айтқанда, бірінші кезекте азық-түлік нарығын реттеу, яғни бағаны тұрақтандыру мақсаты қойылды. Біз әлемдік азық-түлік нарығындағы бағаның ауытқуымен күресе алмаймыз. Себебі, бұл біздің отандық өндірушілердің экономикасына зардап келтіреді. Сыртқы шекаралардың ашықтығы жағдайында еліміздің ішінде азық-түліктің бағасын арзандатудағы мемлекеттің барлық күш-жігері кейіннен бұл арзандатылған тауарлардың көршілес елдердің шекаралас өңірлеріне өтіп кетуіне мүмкіндік жасайды. Бұл өз кезегінде экономиканың негіздеріне қарама-қайшы келеді. Барлық тауарлардың бағасы негізінен жалпы инфляциялық деңгейде өсуі тиіс»,-деді министр.
Осы орайда А. Мамытбеков министрлік тарапынан азық-түлік нарығындағы бағаны реттеуге байланысты кешенді шаралар әзірленгенін атап өтті. Бұл шаралар бірінші кезекте азық-түлік бағасының спекулятивті және негізсіз өсуіне жол бермеуге арналған. «Осы жедел шаралар үш негізгі мәселелерді көтеріп отыр. Оларды жүзеге асыру 2011-2012 жылдардың қысында тиісті нәтиже береді»,-деді ведомство басшысы.
Оның сөзіне қарағанда біріншісі, өңірлердің деңгейінде азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорларын құруға негізделген. «Азық-түлік нарығындағы бағаның ауытқуы маусымдық цикл бойынша жүреді. Яғни, күзде егін орағы кезінде баға төмендейді. Және бұл өз кезегінде өнім өндірушілерге шығын келтіреді. Ал, қыс және көктемде керісінше баға өсіп, тұтынушыларға шығын келеді. Сондықтан да маусымдық бағаның ауытқуын теңдестіру бойынша жергілікті деңгейде әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларында еншілес компаниялар операторларының басқаруымен тұрақтандыру қорларын құру қажет»,-деді ол.
Екіншісі, жеміс-жидек-көкөніс өнімдерін өндіретін шаруа қожалықтарын есептелген қосымша құн салығынан босату қарастырылған. Үшіншісі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өскені үшін әлеуметтік жағынан аз қамтылған халықтың бөлігіне жәрдемақы төлеуге арналған.
Сонымен қатар А. Мамытбеков әкімдіктер тарапынан бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыстар тоқтатылмауы тиіс екенін айтып өтті (жәрмеңкелер, азық-түлік керуендері, өнімді тұтынушыға тікелей жеткізу ). Оның пайымдауынша, бұл жұмыстар әрі қарай жалғастырылуы керек.