АШМ бұрынғы шенеунiгi М.Бақтыбаевтың адвокаты өзiнiң қорғалушысына әкiмшiлiк жауапкершiлiк сұрауда

АСТАНА. КАЗИНФОРМ - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi Мал шаруашылығы департаментiнiң бұрынғы басшысы Мақсұт Бақтыбаевқа қылмыстық емес, әкiмшiлiк жаза қолданылуы тиiс, деп есептейдi айыпталушының қорғаушысы Сергей Деев.

Журналистерге берген сұхбатында ол Бақтыбаевқа тағылған айыптың санатын ауыстыру керек екендiгiн мәлiм еттi.

«Бiз айыптың санатымен келiспеймiз. Бақтыбаев мемлекеттiк қызметшi бола тұра, нормативтердiң бiрiн өзi жасақтап, сол үшiн қаражат алған. Ол пара емес, бюджет қаражатын ұрлау емес. Ол өзiнiң тарапынан қателiк кеткенiн түсiнедi, бiрақ ол қылмыстық бап болмауы керек едi», - дейдi адвокат.

Оның сөзiне қарағанда, ҚР Ауыл шаруашылық министрлiгi төрт норматив жасақтауға тапсырыс берген. Оның бiреуiн орындаушы компания үшiн Бақтыбаевтың өзi жасаған, сол жұмысы үшiн тиiстi еңбекақысын алған.

«Бұл оның тарапынан құқыққа қайшы келедi. Бiрақ ол қылмыстық жазалануға жататын iс-әрекет емес. Ол әкiмшiлiк бұзушылық жасады. Яғни мемлекеттiк қызметшi нормативтердi жасауға құқық жоқ. Оған қарастырылған жауапкершiлiк - сөгiс, айыппұл. Қалайда мен Бақтыбаевтың ақталатына сенемiн», - дедi ол.