АШМ дихандарға іріктелген тұқымдардың мәлімет қорын ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 2017 жылғы егінжайға арналған дәндердің деректер базасы қолжетімді болды, деп хабарлайды АШМ баспасөз қызметі.

Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын сынау жөніндегі мемлекеттік комиссия» республикалық мемлекеттік мекемесімен бірлесіп сатуға ұсынылатын репродукциялары бойынша сортты тұқымдардың көлемін, аттестатталған тұқым өңдірушілердің атауларын, олардың тұрғылықты жерін және байланыс деректерін, сондай-ақ баға ұсынымын көрсетумен ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттары мен будандары бойынша деректер қорын әзірледі.

Сол сияқты әрбір сорт бойынша шаруашылық-биологиялық қысқаша сипаттамасы, ұсынылатын топырақ-климаттық аймақтар және пайдалану бағыты берілген.
Мақсат - 2017 жылдың егініне себу үшін тұқымдарды іріктеп алуда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көмек көрсету.

Деректер базасы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің  және «Ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын сынау жөніндегі мемлекеттік комиссия» РММ сайттарында орналастырылған.