Егіс алқаптарын қорғау жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Барлық қажетті іс-шаралар уақтылы әрі толық көлемде орындалып келеді.
Шегіртке зиянкестеріне қарсы жүргізіліп жатқан қорғаныс іс-шараларының орындалуын бақылау мақсатында қазіргі уақытта Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің басшылығы Қарағанды, Алматы және Жетісу облыстарында жұмыс істеп жатыр. Аумақтық инспекциялардың басшыларымен бірлесіп өңдеу жүргізілген алқаптарға тексеру жүргізілді.
— Биыл 2,2 млн гектар алқапқа химиялық өңдеу жүргізу жоспарланған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 30%-ға аз. Мұндай нәтижеге Үкіметтің қолдауымен жүзеге асырылған кешенді жұмыстардың және өсімдіктерді қорғау жүйесін жетілдіру бағытында қабылданған шаралардың арқасында қол жеткізілді. Атап айтқанда, қызметтерді сатып алудың бірыңғай жүйесі енгізіліп, сатып алу үдерістерін орталықтандыруға және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын арттыруға мүмкіндік берді, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Желдеткіш бүріккіштердің тәуліктік өнімділік нормалары қайта қаралып, бір техниканың өңдеу көлемі 100 гектардан 70 гектарға дейін төмендетілді. Соның нәтижесінде жұмылдырылған техника саны 556 бірлікке жетіп, 2025 жылмен салыстырғанда 25%-ға артты.
Сонымен қатар, фитосанитариялық қызметтің техникалық паркі жаңартылып, 103 ұшқышсыз ұшу аппараты сатып алынды. Оның ішінде 57-сі фитосанитариялық зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізуге, 46-сы химиялық өңдеу жұмыстарын орындауға арналған.
Министрліктің дерегіне сәйкес, шегіртке зиянкестеріне қарсы күрестің тиімділігін арттыру мақсатында «FITOCENTRE» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО)-мен бірлесіп цифрлық технологияларды, жасанды интеллектіні және ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдануға бағытталған серіктестік жоба іске асырылып жатыр.
Өңірлердегі жедел штабтар штаттық режимде жұмыс істейді.
Бұған дейін Қызылордада 17,9 мың гектар жерде саяқ шегірткенің таралуы экономикалық залал шегінен асқанын жазғанбыз.