АШМ еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде мамандандырылған қаржыландыру жүйесін құруды ұсынып отыр

АСТАНА. Желтоқсанның  14-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде мамандандырылған қаржыландыру жүйесін құруды ұсынып отыр. Ол бұл ұсынысын бүгін Премьер-Министр   Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өтіп жатқан Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне  арналған кеңесте білдірді,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығын несиелеудің тиімді жүйесінің жоқтығы - бүгінде агроөнеркәсіп кешенін басқарудағы ең әлсіз буын болып табылады. Тәуекелінің жоғарылығынан ауыл шаруашылығы банктік құрылымдардың несиелеуі үшін әрқашан  тартымдылығы аз бағыт болған.  Бүгінгі жағдай мұның айқын дәлелі болып табылады. Екінші деңгейлі банктердің жиынтық несиелеу қорындағы ауыл шаруашылығы несиелерінің  үлесі 3,5 пайызға дейін төмендеп отыр. «ҚазАгро» ұлттық холдингінің еншілес компаниялар арқылы қолданыстағы бюджеттік несиелеу есебінен қаржыландырудың туындаған тапшылығын өтеу мүмкін емес. Субсидияны ылғида ұлғайту есебінен несиелеу жүйесін қалпына келтірусіз ауыл шаруашылығын келешекте дамытудың перспективасы жоқ. Мұның астарында жалқаулық көңіл-күйді тудыратын және саланың бәсекеге қабілеттілігін төмендететін қауіпті үрдіс жатыр. Аграрлық банктер құрылған және тиімді жұмыс істеп жатқан елдерде бұл проблемалар айтарлықтай табысты шешіліп жатқандығы және өндірісте жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отырғандығы халықаралық тәжірибеде көрініп отыр. Мәселен, біздің ірі сауда әріптесіміз болып табылатын Ресейде Ресей ауыл шаруашылығы банкі құрылған. Соның арқасында соңғы 2 жылда аграрлық саланы несиелеу көлемі 4 есеге ұлғайып, 12 млрд. АҚШ долларын құрады. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі және Ресейдің агроөнеркәсіп кешенінің техникалық және технологиялық базасын жаңарту қарқыны ұлғайды. Сондықтан  бізге агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру жүйесін құрып, ауыл шаруашылығына арналған бүкіл бюджеттік қаражатты біртұтас арнаға жұмылдыра отырып осы жолмен жүру қажет», деді А. Күрішбаев.