АШМ-ға 2 айда мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу тапсырылды

Фото: Ризабек Нүсіпбек/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне 2 ай ішінде мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді, 1 ай ішінде жер ресурстарын әділ бөлуге бағытталған тиісті заңнамалық бастамаларды әзірлеп, ұсынуды тапсырды.

— Ауыл шаруашылығы министрлігіне екі ай мерзім ішінде қаржыландыру көздері мен инвестициялық жобалардың тізбесін нақтылай отырып, Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Осы жұмыстың шеңберінде ветеринариялық және фитосанитариялық стандарттарды да жетілдіруді қамтамасыз ету қажет. Мемлекет басшысы логистика орталықтарын, агрохабтар мен жеткізудің біртұтас желісімен қоса, аграрлық инфрақұрылымды дамыту қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл ретте цифрлық технологияларды барынша енгізіп, отандық ғылыми әзірлемелердің әлеуетін пайдалану кере, — деді ол Үкімет отырысында.

Сондай-ақ Бектенов елімізде жер ресурстарын әділ бөлуді жүзеге асыратын тетіктерді әзірлеуді тапсырды. 

— Жер ресурстарына келетін болсақ, оларды ұтымды әрі тиімді пайдалану, әділ бөлуді қамтамасыз ету бойынша шараларды күшейткен жөн. Барлық процестер ашық жүріп, нәтижесі бойынша есеп берілуі керек. Бұл, әрине, цифрлық құралдарды пайдалана отырып жүзеге асуға тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігіне бір ай мерзімде осы тетіктерді іске асыруға бағытталған тиісті заңнамалық бастамаларды әзірлеп, енгізуді тапсырамын, — деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр елдің экономика блогына 10 нақты тапсырма жүктеген еді.