Министрлік мәлімдегендей, 2023 жылдан бастап агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін несиелеу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, техника мен технологиялық жабдықтарды сатып алуға лизинг беру бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламасы жергілікті бюджет базасына берілді. Бюджет заңнамасына сәйкес ол бірінші кезекте жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылуы тиіс.
— 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді бекіту туралы заңға сәйкес Қызылорда облысының жергілікті бюджетіне барлық субсидиялау бағдарламасы бойынша қаражат келесі көлемде берілді: 2026 жылы — 17,4 млрд теңге, 2027 жылы — 20,4 млрд теңге, 2028 жылы — 19,6 млрд теңге. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 2 қазандағы № 349 бұйрығымен субсидиялау қағидаларына өзгеріс енді. Оның ішінде жұмыс органының (қызмет көрсетушінің) осы бағдарламаға қаражат көзделмеген кезде субсидиялау туралы ұсыныстарды резервке (күту парағына) қабылдауды алып тастау бөлігінде. Бұл ретте өзгерістер күшіне енгенге дейін резервке (күту парағына) түскен субсидиялау туралы барлық ұсыныс сақталды және бюджеттік қаражат түскен сайын орындалады. Сонымен қатар жұмыс органы (қызмет көрсетуші) өзгерістер күшіне енгенге дейін қарастырмаған барлық субсидиялау туралы ұсыныстар да қарастыруға жатады, — делінген ведомство хабарламасында.
Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасын іске асыру барысында кездесіп отырған мәселе барлық өңірге тән. 2016-2025 жылдар аралығында Қызылорда облысы бойынша 3471 қарыз шарты негізінде 2662 шаруашылыққа 20,6 млрд теңге субсидия төленді.
— Осы уақытқа дейін қарыз шарттары бойынша ұсыныстар резервке түспей, қабылданып келді. Биыл аталған бюджеттік бағдарлама бойынша облыстық бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлініп, толық игерілді. Сонымен қатар облыстық мәслихаттың 2026 жылғы 15 мамырдағы № 247 шешімімен қосымша 1 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қаржы бұрын қабылданған міндеттемелерге ғана жеткілікті. Қабылданған міндеттемелерден артық қаржының болмауына байланысты қағида талаптарына сәйкес жаңа ұсыныстарды қабылдау тоқтап тұр. Бағдарламаға қосымша қаржы бөлу бюджеттің мүмкіндігіне қарай шешіледі. Аталған мәселе бойынша шаруашылықтар арасында қаржы институттарымен бірлескен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді және бұл облыс әкімдігінің бақылауында, — делінген басқарма хабарламасында.
Еске салайық, сырбойылық фермерлер былтыр «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қаражаты есебінен несие серіктестіктері арқылы 25,5 пайызбен, яғни бағдарлама талабына сәйкес несие мөлшерлемесі сыйақысының 6 пайызын шаруашылық төлеп, қалған сыйақысы бөлігін мемлекет субсидиялайтынын ескеріп, төрт түлік басын көбейту үшін несие рәсімдеген. Алайда, субсидиялайтын қаражаттың болмауына байланысты сол несиені төрт-бес айдан бері өздері төлеп келеді.