«Бүгінгі конференцияда ТМД министрліктері деңгейінде еліміздің инвестициялық ахуалы мен ерекшеліктері туралы презентация жасалды. Ал жалпы бизнестік ұсыныстар мен жобаларды мемлекеттер өзара B2B кездесу өткізу арқылы іске асырады. Елімізде 800-ден астам инвестициялық жоба қолға алынды. Жобаның жалпы құны 2,7 трлн теңге және ол 5 жыл бойы іске асырылады. ТМД елдерінің бизнес өкілдері инвестициялық жобаларға қатысамыз десе, біз ашықпыз, барлық қолайлы жағдайды жасауға дайынбыз», - деді Ербол Тасжүреков Астанада өткен ТМД елдерінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі министрлер конференциясынан кейін Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.
Вице-министрдің айтуынша, жоғарыда аталған инвестициялық жобалардың ішінде мал шаруашылығы, өсімдік саласы мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру де бар.
Айта кетейік, бүгін Астанада ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі министрлер конференциясы өтті.