«Министрліктің бастамасы бойынша аса қорғалатын аумақтардың, атап айтсақ, ұлттық парктердің, қорықтар мен осындай мақсаттағы өзге де жерлердің әкімшілігі жанынан қоғамдық кеңес құрдық. Өткен аптада Алматыда қоғамдық кеңестің жиынын өткіздік, сонда көзіміз жеткені: бірқатар осындай мекемелердің басшылары бұл бастаманы қуана қолдай қоймады. Бәлкім олардың жасыратын дүниелері бар шығар немесе оларға қызметін қоғамның қадағалауы ұнамайтын шығар»,-деді министр.
А.Мамытбековтің айтуынша, қоғамдық кеңестің мақсаты - аса қорғалатын аумақтардағы жерлердің дұрыс мақсатта пайдаланып жатқанына көз жеткізу. Министрдің айтуынша, аса қорғалатын жерлер сатылмайды.
«Бұл туралы заң 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді, яғни, рекреациялық мақсаттағы жерлер 49 жылға дейін пайдалануға беріледі. Бірақ, қоғам бұл заң жаңадан күшіне енгендей әбігерге түсіп жүр. Яғни, аса қорғалатын жерлерге қатысты көп процесс жабық өтіп жатқанын көрсетеді»,-деп атап өтті А.Мамытбеков.