АШМ өңірлерді мал өлекселерін өртейтін пештермен қамтуды көздеп отыр

АСТАНА.  17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің өңірлерін мал өлекселерін өртейтін пештермен қамтуды жоспарлайды.

 Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

«Бүгінгі таңда ауру малдардың барлығын жойғанда біз оларды жерге көміп жатырмыз. Ары кеткенде қалың бетондалған «Беккер шұңқырына» тастап, бетін жауып қана жатырмыз. Ал ол жерлерде су тасқыны болса, немесе қандай да бір басқа да төтенше жағдайлар орын алып жатса, соның салдарынан онда тасталған ауру өлекселер қалдығы жер бетіне шығар болса, бұның өзі біздің болашағымыз үшін биологиялық бомбамен бірдей», - дейді  А. Мамытбеков. Бұл ретте министр ауру малдардың өліктерін өртейтін заманауи технологиялар бар екенін, оның қоршаған ортаға қауіпсіз екендігін  алға тартты.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта министрлік еліміздің барлық елді мекендерін ауру мал өлекселерін өртейтін пешпен қамтамасыз ету мәселелерін қарастырып жатыр. «Келесі жылдан бастап өңірлерде өлексе өртейтін әртүрлі типтегі пештерді орнату жөніндегі ілкі жобаны іске қосу жоспарда бар», - дейді  А. Мамытбеков.