Жаңа қағидалар «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңында көрсетілген.
«Қазақстан бес мемлекетпен - Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстанмен шектеседі. Біз талап қоятын екі санат бар: шекаралық жолақ шегі бойынша, Қытаймен шекарада - 2 шақырым, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстанмен шекарада - 100 метр жер жалға берілмейді. Сонымен бірге, шекаралық аймақ шегі бар. Шығыс Қазақстан бойынша Қытаймен шекаралас Күршім, Үржар, Зайсан, Тарбағатай аудандарында, Алматы облысы бойынша Ақсу, Алакөл, Панфилов, Райымбек, Ұйғыр аудандарының бүкіл аумағынан жер бөлінбейді. Ал Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстанмен шекаралас аудандарда 25 шақырым шекаралық аумақ шегінде жер сатылмайды», – деді вице министр.
ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Гүлжаһан Бимендинаның айтуынша, бұған дейін шекаралық аудандардан бөлінген жерлерді жаңа заңға сәйкестендірілетінін айтады.
«Шекаралық жолақ шегінде жатқан жер жеке меншікке ешкімге берілмейді. Қазақстандықтар да, басқалары да жер санатына қарамастан, уақытша ғана пайдалана алады. Ал шекаралық аумақ шегіндегі жер бұған дейін шетелдіктің қатысымен рәсімделген жағдайда, құжаттар қайта рәсімделеді. Яғни шекаралық аумақтағы жер жеке меншікке берілмейді. Ондай жайттар анықталса, іс дереу сотқа жолданып, 3 айдың ішінде мемлекет меншігіне өтуі тиіс. Жер Кодексінде осыны реттейтін арнайы №66-бап бар», - деді Г. Бимендина.