АШМ: Тасқын бүлдірген қора-қопсыны демеушілер арқылы қалпына келтіруге болады
АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров тасқыннан зардап шеккен шаруалардың қора-қопсысын қалпына келтіру мәселесі қалай шешілетінін айтты.
«Өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тасқын бүлдірген қор-қопсыны қалпына келтіруге мемлекет қаржы бермейтінін айтты. Бұл ұстаныммен сізе келісесіз бе?» - деп сұрады журналист Үкімет отырысынан кейін өткен брифингіде.
Министр қазір бірінші кезекте мал басын қалпына келтіру шаруасы тұрғанын айтты.
«Су тасқынынан зардап шеккен шаруашылықтары мен жеке үй шаруашылықтарының мал саны туралы деректер бар. Ал сіз бүгін қора жағын айтып отырсыз. Бізге ондай құжаттар түскен жоқ. Ал түсетін болса, қарастырамыз», - деді министр.
Айдарбек Сапаров «қарастыру» деген сөз қора-қопсыны қалпына келтіруге қаржы бөлуге дайынбыз деген сөз емес екенін айта кетті.
«Ол үшін бізге құжат түсу керек. Оның бәрін қазір Құрылыс комитеті шешеді», - деді ведомство басшысы.
Министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ұстанымы туралы нақты жауап бере алмайтынын айтты.
«Бұл жерде қарастыру керек. Бүгін «келісемін» немесе «келіспеймін» деп тура жауап бере алмаймын. Қай жерде, қандай қора, қағаз-құжаттары бар ма? Соның бәрін дайындау керек. Құжат бар қора деп отырғаным ресми тіркелген, жерінің құжаттары, қолданысқа беру актісі бар қораны айтып отырмын. Сондай қора болса, оған бөлуге болады. Өтініш бере алады, комиссия қарайды. Ал құжаты жоқ адамдарды қарастыру керек. Мұны әкімдіктермен бірге арнайы қор арқылы ма, демеушілер арқылы ма, жабуға мүмкіндіктер болатын шығар», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.