«Бүгін Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы қарым-қатынасқа байланысты ветеринарлық талаптар, оның ішінде тамақ қауіпсіздігі - өзекті мәселе. Ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне қатысты 2018 жылы республика көлемінде 74 миллион диагностикалық зерттеу жүргізу жоспарланған. 142 миллион ветеринарлық егу шарасын өткізу қарастырылған. Жалпы, қабылданған страгетегияға байланысты Қазақстан көлемінде сібір жарасына қарсы барлық бейім мал 100 пайыз егіледі», - дейді ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы.
Тұрсын Қабдолдановтың айтуынша, бүгінгі күні Қазақстан Республикасы аусыл індетінен таза аумақ ретінде халықаралық эпидомологиялық бюроның ресми сертификатына ие.
«Тоғыз аумақ - аусылдан таза вакцина егілмейтін аумақ. Шығыс, Оңтүстік өңірлердегі, Алматы, Қызылорда, Жамбыл өңірлерінде аусылға бейім барлық мал 100 пайыз егіледі. Сонымен бірге ірі-қараның арасында туберкулезге тексеру толығымен жүргізіледі», - дейді ол.
Комитет төрағасы сонымен ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы мәселе қозғады.
«Жалпы, ветеринарлық және тамақ қауіпсіздігі бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл мәселені шешуде қалыптасып отырған жағдай: бір ауыл шаруашылығы мекемесі төл алынғаннан кейін ол төлдің құлағына салынған сырға, малдың егілу, тексерілу шаралары және оның тасымалдануы, өсірілуі АШМ құзырында болса, өнім алынғаннан кейінгі мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің құзырында. Сондықтан, бүгінгі күні бірлесе осы жұмысты бір ғана мекеменің құзырына беру мәселесі қаралуда», - деді ол.
Тұрсын Қабдолданов ет өнімдері тасымалданған кезде кемшіліктер шықса, оның шыққан тегін білу құзыры Денсаулық сақтау министрлігінде жоқ екенін айтты.
Фото: krasnodubravsky.zemetchino.pnzreg.ru