Әшімбаев Сенаттың жұмысын қорытындылады: 30 жылдық тарихи миссия абыроймен аяқталады

АСТАНА. KAZINFORM — Парламенттің 30 жылдық бай тәжірибесін қабылдап, жаңа форматта, жаңа мәртебеде жұмыс бастайтын Құрылтайдың алдағы қызметі сәтті болады деп сенеміз. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті.

Фото: senate.parlam.kz

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 30 жылдық тарихындағы соңғы отырысы өтті. Ертең Палаталардың бірлескен отырысында кезекті сессиямыз ресми түрде жабылады. 1 шілдеден бастап халқымыздың кең қолдауын тапқан жаңа Ата заңымызға сәйкес Парламенттің өкілеттігі тоқтатылады. Тамыз айында бір палаталы Парламент — Құрылтайға сайлау өтеді. Осылайша, 1995 жылғы Конституцияға негізделген қос палаталы Парламент өзінің отыз жылдық тарихи миссиясын абыроймен аяқтайтын болады. Бұл — ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды сәт. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қабылданған жаңа Конституция бүкіл саяси жүйемізді жаңғыртып, елдің қарқынды дамуының негізі болатыны сөзсіз, — деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.

Осы орайда ол реформалардың басты мақсаты Тәуелсіздікті күшейту, Әділетті Қазақстан құру және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға арналғанын атап өтті.

— Сондықтан егемен еліміз әрі қарай да өсіп-өркендеп, жаңа белестерді бағындыра береді деп толық сенеміз. Ұлт мүддесін көздейтін өзгерістер бәрімізге баянды болсын! Жалпы, екі палаталы Парламент 30 жыл бойы үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істеді деп айтуға толық негіз бар. Парламент қабырғасында мемлекет тағдырын айқындаған тарихи шешімдер мен заңдар қабылданды. Бұл ретте, Палатамыз «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» қағидатына табан тіреп жұмыс істеді. Соның аясында өзіне жүктелген конституциялық міндеттерді жауапкершілікпен және абыроймен атқарды, — деді Сенат төрағасы.

900-ге жуық жалпы отырыс

— Осы кезеңде Сенаттың 890-нан астам жалпы отырысы өткізілген екен. Сол отырыстарда үш жарым мыңнан астам заң қабылданған. Олардың ішінде 350-ден астамына немесе әрбір оныншы заңға Парламент депутаттары бастамашылық жасағанын айта кеткен жөн. Сенаттың тікелей талқылауынан өтіп, қабылданған заңдар Президентіміздің бастамасымен мемлекетіміздің жаңа саяси, экономикалық және фискалдық моделін қалыптастыруға негіз болды. Елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясаттың да заңнамалық негізі қалыптасты. Сонымен қатар, сот және құқық қорғау жүйелерін жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту, заң үстемдігін орнықтыру мәселелеріне үнемі баса мән берілді. Бүгінде барлық нормалар ел игілігіне жұмыс істеуде, — деді ол.

Заң шығарумен қатар, Палата түрлі форматтағы жиындар өткізіп, ел дамуына қажетті маңызды мәселелерді көтеріп отырды. Осы мақсатпен 60-тан астам Парламенттік тыңдау мен 3 мыңнан астам жоспарлы іс-шара ұйымдастырылды. Азаматтарымызды алаңдатқан мәселелер бойынша Үкіметке 3 мыңға жуық депутаттық сауал жолданып, шешу жолдары ұсынылды.

— Жалпы, Сенат тарихында 246 азамат депутаттық мандатқа ие болды. Олардың әрқайсысы халық сенімін абыроймен ақтап, ұлттық парламентаризмді дамытуға өз үлестерін қосты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Сенат төрағасы болып екі рет сайланғанын және Палатаны 10 жылға жуық уақыт бойы үлкен абыроймен басқарғанын ерекше мақтанышпен атап өтеміз. Сондай-ақ, Өмірбек Байгелді, Әбіш Кекілбаев, Оралбай Әбдікәрімов, Қуаныш Сұлтанов, Зинаида Федотова сынды мемлекетшіл тұлғалар Сенатта қызмет атқарды. Жабайхан Әбділдин, Әділ Ахметов сияқты ғалымдарды, Халық Қаһармандары Ахат Күленов, Мұхтар Алтынбаев, Талғат Мұсабаев сияқты бірегей тұлғаларды да ерекше атап өтеміз. Сенат өз қызметінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын берік ұстана білді. Сенаторлар үнемі өңірлерге шығып, реформаларды түсіндіру мен халықты алаңдатқан мәселелерді анықтауға ерекше көңіл бөлді, — деді Мәулен Әшімбаев.

Палата жанында Мәслихаттармен өзара іс-қимыл, Инклюзия жөніндегі және Сенаторлар кеңестері нәтижелі жұмыс істеді. «Өңір» және «Бір ел — бір мүдде» депутаттық топтары мен «Ұлттық мүдде» диалог алаңы да маңызды тетікке айналды. Парламентаризм тарихында алғаш рет Орнықты даму мақсаттарының іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссия құрылды. Үш жылдан астам уақыт ішінде Парламенттік комиссия 12 нәтижелі отырыс өткізді. Сенат халықаралық деңгейде 11 Парламентаралық ұйымның белсенді серіктесіне айналды.

— Еліміздің ауқымды жаһандық бастамасы — Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу миссиясы да Сенатқа сеніп тапсырылды. Палатамыз 20 жылдан астам уақыт бойы сегіз Съезд бен Хатшылық отырыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырды. Осы орайда, Сенат — Үкіметпен, барлық мемлекеттік және жергілікті билік органдарымен, қоғамдық институттармен сындарлы және нәтижелі жұмыс жүргізді деп айта аламыз. Барлық қызметіміз ашық және транспарентті негізде атқарылды. Осылайша, сенаторлар өздеріне жүктелген миссияны толық орындауға бар күш-жігерін жұмсады, — деді Сенат төрағасы.

Еске салсақ, биыл 1 қыркүйектен бастап жаңа Парламент — Құрылтай өз жұмысына кіріседі