***
Кеше Астанада Лондондағы ХХХ Жазғы олимпия ойындарына қатысқан Қазақстан ұлттық құрамасы мүшелеріне құрмет көрсету салтанаты болды. Рәсімнің Тәуелсіздік сарайына өткен негізгі бөлігінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің аты мен даңқын Ұлыбритания жерінен аспанға шарықтатып, айдай әлемге таратып қайтқан саңлақтарымызды қабылдады. Спорт жұлдыздарын қошеметтеу салтанаты жайлы материалдар топтамасы "Егемен Қазақстан" газетінде "Олимпиадашылар жеңісі - Қазақстанның жетістігі" деген жалпы тақырыппен берілген.
Жақында Курчатов қаласында ҚР Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Тимур Жантикин, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Кеннет Фейрфакс, сондай-ақ Ресей, АҚШ, Франция және Орталық Азия елдерінің белгілі ғалымдарының қатысуымен «Ядролық сынақтар және оның зардаптарының мониторингі» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Жиында радиоактивті көздерді анықтау әрі қауіпсіз тасымалдау, ядролық жарылыстарға мониторинг жасаудың жаңа жүйелері мен технологияларын құру арқылы оның нәтижелерін шығару, бұрын жүргізілген зерттеулерге баға беру, тағы басқа да мәселелер сөз болды. Конференцияда сондай-ақ Нидерланды Корольдігі, АҚШ-тың Энергетика министрлігі, ҚР Атом энергиясы агенттігінің ядролық қауіпсіздікті нығайту барысындағы ядролық терроризмге қарсы күресудің амалдарын дамыта түсу ұйғарылды. Әріптестік орнатқан үш елдің білікті мамандары ядролық терроризмнің алдын алу мақсатындағы бұл мәселені үлкен күш деп бағалады. Осы жиын жайында толық білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Сынақ зардаптарын жоюға арналды» деген тақырыптағы мақаланы оқыңыз.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен Білім және ғылым министрлігінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің -Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өткізілді. Республикалық комиссия Көкшетау, Талдықорған, Семей, Орал қалаларындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектептеріне және Өскемен қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектептеріне 7, 8, 9 сынып оқушыларын іріктеу конкурсының қорытындысын шығарды. Конкурстық іріктеу 2012 жылғы 16-24 шілде аралығында өткізілді. Конкурсқа қатысуға тілек білдірген 827 оқушының 370-нің материалдары комиссия мүшелерінің қарауына ұсынылды.Бұл жайында «Өркен» грантының иелері анықталды» деген тақырыптағы ақпаратта баяндалған
***
«Қарағанды облысының орталығында жермен-жексен болған жетінші үйдің төңірегіндегі дау әлі басылар емес. Басылғаны өз алдына, бұрынғы басшылықтан мұраға қалған былық қазіргі биліктің басын әбден қатырды. Жергілікті билікте сәуірдің 1-інен бері ұйқы жоқ. Тура сол күні «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі су жаңа үйдің қабырғасы қақырап, ол жерде төтенше жағдай жарияланған болатын... Ақиқатын айтар болсақ, бұл үйдің қабылдануының қазіргі әкімге қатысы жоқ. Үлескерлер қаржысына тұрғызылған «Бесоба» элиталы тұрғын үй кешенінің 7-ші бес қабатты үйі 2009 жылы пайдалануға берілген», - деп жазады «Айқын» газеті «Аштық жариялағандар ақылға келді» атты мақаласында. Басылымның атап өтуінше, жақында билік құлаған үйлердің орнына тұрғызылатын жаңа кешеннің жобасын таныстырды. Қала басшылығы жаңадан салынатын үйдің құрылысы барысын бұл жолы қатаң қадағаламақшы.
***
«Халқымыз ертеден табиғатқа жақын болды. Әсіресе кейбір аң мен құсты киелі санады. Солардың қатарында қарлығаш та бар. Ауылда өскен бала оны жақсы біледі. Әрбір шаңырақта қарлығаштың ұясы тұратын еді. үйдің есігі күнұзаққа ашық болатын. Қарлығаш үйге емін-еркін кіретін. Балапандары күні бойы «ән салады» да жатады. Олар жылы жаққа ұшып кеткенде шаңырақта жақынымыз жоқтай көрінетіні тағы бар. Қазір де елге барғанда қарлығашты іздеп елеңдеп отырамыз. Алайда баяғыдай емес, аталмыш қанатты көзімізге көп түсе бермейді. Әрбір үйге ұя салуды да қойған секілді», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Бұл жайында басылымның бүгінгі санындағы «Қарлығашқа кім қамқорлық көрсетеді?» деген тақырыптағы мақаладан егжей-тегжейлі біле аласыздар.
***
«Экспресс К» басылымы бүгінгі санында «Ах, "сузуки", ты "Сузуки" атты материалды беріп отыр. Биылдың 7 айында ресми дилерлерден отандастарымыз 48 мың жаңа автокөлік сатып алған көрінеді. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 2 есеге артық. Шетелдік жаңа көліктің орташа құны 27-28 мың АҚШ доллары көлемінде. Бұл сомаға шамамен Skoda Superb, Ford Focus, Audi A3 немесе BMW 116i секілді көліктерді алуға болады. Көлік нарығындағы жағдайды білгіңіз келсе аталған басылымды оқыңыз.