«Ашық әлем» әлеуметтік бағдарламасы аясында халықты жеке компьютермен қамтамасыз ету деңгейін арттыру көзделіп отыр

АСТАНА. Маусымның 15-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің ұйымдастыруымен «Ашық әлем» әлеуметтік бағдарламасының екінші кезеңін іске асыру жөнінде баспасөз мәслихаты өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары Ерлан Дүрмағамбетовтың айтуынша, жобаның мақсаты - халықты заманауи ақпараттық құралдармен жабдықталған қолжетімді дербес компьютерлермен қамтамасыз ету. «Ашық әлем» жобасының бірінші кезеңінде тек Алматы және Ақмола облыстары ғана қамтылған болатын. Енді екінші кезең барысында аталған бағдарламаны еліміздің барлық аймақтарында жүзеге асыру жоспарланып отыр. «Ашық әлем» жобасының жаңа стратегиясы екі нұсқа бойынша жұмыс істейді. Біріншісінде, тұрғындар жеке компьютерді «Қазпошта» АҚ-ның өңірлік бөлімшелеріне тапсырыс жасап алады. Ал екінші нұсқада, компьютерді аталған жобаға қатысушы компаниялардың бөлшектеу орталықтарында жеңілдіктер арқылы сатып алуға болады («Логиком», «Белый ветер», «Алсер» компаниялары). Бағдарлама бойынша компьютерлерді еліміздің әр азаматының алуға мүмкіндігі бар. Атап айтқанда, халықтың ақпараттық теңсіздігін төмендету бағдарламасы аясында дайындықтан өткен азаматтарға компьютерді сатып алуда жеңілдіктер ұсынылмақ. «Ашық әлем» жобасына қатысушы компаниялар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы негізінде өз қызметтерін көрсететін болады.