"Бәріміз жақсы білеміз, осы уақытқа дейін xалық мемлекеттің сан алуан шешімдерін талай рет сынаған еді. Әсіресе, сол шешімдердің ашықтығына қатысты әңгімелер көп болды. Осыдан кейін ақпараттық қолжетімділік туралы заң қабылданып, "Ашық Үкімет" атты платформа құрылды. Өкінішке қарай, ел азаматтары аталған платформаны жаппай қолданып кеткен жоқ. Осыған байланысты біз "Ашық арна" жобасын қолға алып отырмыз. Соның аясында ел болашағына немқұрайлы қарамайтын, белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдар "Ашық үкімет" порталындағы мәліметтерді ой елегінен өткізіп, өз ұсыныстарын бере алады деген сенім бар. Мемлекет ол ұсыныстарды қараусыз қалдырмауы тиіс", - дейді жобаның жетекшісі Ерсайын Оспанов.
Оның айтуынша, жоба аясында арнайы сарапшылар топтары құрылады. Оған кез келген адам кіре алады. Топтар экономика, нормативтік актілер, бюджет және тағы басқа бағыттар бойынша жұмыс жасап, маңызды деген мәселелерді сараптамадан өткізетін болады. Соның негізінде ұсыныстар даярланып, қоғам талқысына шығарылады. "Содан кейін біз барлық ұсыныстарды мемлекеттік органдар мен Парламент Мәжілісіне жолдайтын боламыз. Ал осы жұмыстың нәтижесі қандай болмақ? Осы бастаманың арқасында xалықтың позитивті сын айту мәдениеті қалыптасады деп сенеміз. Ел азаматтары қандай да бір проблема туындағанда мемлекетті жай сынап қана қоймай, өз ұсыныстарын да жасай алатындай, бірлесіп жұмыс істейтіндей болуы қажет", - деп атап көрсетті Оспанов.