Ашық есік күні аясында 250-ге жуық елордалық АИТВ жұқпасына тексерілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында 11 қараша мен 11 желтоқсан аралығында ЖИТС-ке қарсы күрес айлығы өтуде.

Оның шеңберінде бүгін 5-ші қалалық емханада ашық есік күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қалалық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара барысында қаланың 250-ге жуық тұрғыны АИТВ-ға жедел тестілеуден өтті. Сондай-ақ Орталық мамандары әр келушіге ақпараттық қағаздар таратып, АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу бойынша кеңестер берді.

 Астана қалалық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығы ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Жанна Айтмағанбетқызының айтуынша, шараға қатысушылардың арасында жастар көп болған және олар өз денсаулықтарына алаңдаушылығын білдірген.

 «Мен жоспарлы түрде емхана дәрігеріне қаралуға келген едім. Сәті түсіп, жедел тест арқылы ЖИТС-ке тексерілдім. Мамандар талдау нәтижесін 5 минуттың ішінде айтып берді. Шындығында, қан тапсыру үшін кез келген адам ЖИТС Орталығына арнайы бара бермейді. Сол себепті мұндай іс-шаралар жиі өтіп тұрса игі еді», - дейді Астана қаласының тұрғыны Нәзия Еркінқызы.