БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, осы айда үйінде оқшаулануы тиіс 344 адамның (190-ы – «қызыл», 154-інің «сары» мәртебесі бар) Ashyq жобасына қатысатын нысандарға келгені анықталды.
Солардың ең көбі (139-ы – «қызыл», 105-і – «сары») Орал қаласында тіркеліп отыр.
Осы деректер бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес 80 хаттама толтырылып, жеке тұлғаларға 3 млн 471,230 мың теңге айыппұл салынды.
Департамент басшысының сөзіне қарағанда, тамыз айында 3377 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.
Соңғы аптада (20-26 тамыз) алдыңғымен (13-19 тамыз) салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 4,8 пайызға (875-тен 833-ке) төмендеді.
Өңірде «Дельта» штамының таралуына байланысты инфекция 8-28 шілде аралығында өрши түсіп, күніне орта есеппен 200-ден астам науқас тіркелді.
Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында бірқатар қатаң карантиндік шектеулер қабылданып, соның нәтижесінде індет бәсеңдеді. Дегенмен карантиндік талаптар сақталады.
Жаңа оқу жылының басталуына және мектептерде сабақтардың дәстүрлі сипатта жүргізілетініне байланысты ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 25 тамыздағы №36 қаулысы күшіне енді.
Мектептерде жұмыс жасайтын педагогтар мен қызметкерлер түгелдей екпе алуы тиіс. Сондай-ақ білім ордаларына кіреберісте Ashyq қосымшасын енгізіледі.
Тұрғындардың екпе алып, карантиндік талаптарды сақтауы аса маңызды.
«Егер сыныпта бір адамнан індет табылса, сол сынып 14 күні бойы үй карантинінде оқшауланады. Білім беру ұйымдарында бір ауысымның 30 пайыздан астам сыныптарында ковид тіркелсе, сол ауысым да карантинге жабылады. Жоғары оқу орындарында, колледждерде бір лек топтарының 30 пайыздан астамынан коронавирус табылса, сол лекке 14 күндік карантиндік шара қолданылады», деді М.Арыспаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 200 мыңға жуық адамның екпе салдырғанын, соңғы аптада 20 адамның коронавирустан қайтыс болғанын хабарладық.