Ashyq қосымшасынан бас тартқан астаналық әуежай қызметкеріне қол көтерді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында Ashyq қосымшасына қатысты келеңсіз оқиға болды. Мұны әуежайдың баспасөз хатшысы Ануар Шалекенов ҚазАқпарат тілшісіне растады.

Оның сөзіне қарағанда, оқиға 19 мамырда болған. Белгісіз тұрғын әуежай ғимаратына Ashyq жүйесі арқылы кіруден бас тартып, жанжал шығарған.

«Ол Ashyq жүйесін айналып өтуге тырысқан кезде авиациялық қауіпсіздік қызметкері тоқтатқан. Нысанға маскасыз кірген ер адам қызметкерге дене жарақатын салды. Әуежай қызметкерлері полиция бөліміне жүгінді. Көп ұзамай тәртіп бұзушы табылды», - дейді Ануар Шалекенов.

Енді астаналық тұрғын осы әрекеті үшін әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.

«Түсінбеушілік пен келеңсіз жайларды болдырмау үшін қосымшаны алдын ала жүктеп алып, өз мәртебеңізді Нұрсұлтан Назарбаев әуежайының сайтындағы QR-код арқылы білуіңізді сұраймыз. «Қызыл» немесе «сары» түсті мәртебесі бар келушілер әуежайға кіргізілмейтінін тағы да еске саламын», - деді әуежайдың баспасөз хатшысы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ashyq жүйесі арқылы елорда әуежайында 50-ге жуық жолаушы терминалдан кері қайтарылған болатын.


Соңғы жаңалықтар