Ashyq жобасы: СҚО-да карантинді бұзған 500-ден астам адам анықталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Ashyq жобасы арқылы үй карантинін бұзған 533 адам анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, қазіргі уақытта өңір бойынша Ashyq жобасына 2 580 нысан қатысып жатыр. Олардың 68-і тест режимінде жұмыс істейді. Бағдарламаны енгізген нысандардың 46 %-ы Петропавлда орналасқан.

Мамандардың айтуынша, Ashyq өз нәтижесін беріп жатыр. Өңірде бұл бағдарлама енгізілген сәттен бастап үй карантині талабын бұзған 533 адам анықталған. Яғни, коронавирус жұқтырған, «қызыл» мәртебесі бар 308 адам қоғамдық орындарға барып, қосымша арқылы өтпек болған.

Ashyq арқылы анықталған тағы 225 адамның «сары» мәртебесі болған, олар вирус жұқтырған науқаспен байланыста болғандықтан үй карантинінде отыруға тиіс тұрғындар.